Ғылым • Бүгін, 09:40

Бағалы металды балқытатын ыдыс

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде ғылымда зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде шетелдік әріптестермен бірлесіп жүргізу кең таралып жатыр. Бұл көбіне нақты ғылымдарға қатысты болатындай көрінеді. Бірақ біздің археолог ғалымдарымыз да бұл тәсілді зерттеу нәтижесінің өнімділігін арттыруда сәтті қолданып жүр.

Бағалы металды балқытатын ыдыс

Соның бір үлгісі болар, Өзбекәлі Жәнібеков атында­ғы Оң­­түс­тік Қазақ­стан педагоги­ка­­лық университетінің Архео­ло­гия­­лық орталығы Нидер­ланд­тың Лей­­ден университеті ғалым­дары­мен бірге қазба жұмыс­та­рын жүр­­гізді. Олар халық­ара­лық ғы­лы­­ми ын­тымақтастық аясын­да Түркі­стан облысының Орда­басы ауданы­на қарасты Қарас­пан ауылы маңында орна­ласқан Төле­бай­төбе-2 қорым­дарын зерттеді.

Археологтердің бізге берген дерегіне сүйенсек, қазба жұмыс­тары барысында б.з.д. I ғасыр мен б.з. IV ғасырына жата­тын Қаңлы кезеңіне тән обалар аршылды. Оба ішінен ақсүйек көшпенді жауынгердің жерленгені анықталды. Бұл – қабірден табылған жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, ат әбзелдері (ауыздық), белдік тоғалары мен әшекей бұйымдар ар­қылы дәлел­деніп отыр. Ерекше назар аударарлығы – үлкен хұм ыдысының бөліктері қабір ішіне төселген және мәйіт ағаш табыттың үстіне қойылып жерлен­ген.

жәдігер

Ағаштың жақсы сақталған бөлік­тері мен жебелердің сабындағы жіп ізі жерлеу рәсімінің күрделілігін көр­се­теді. Алебастр гипстен жасалған бой­тұмарлар сол замандағы наным-се­нім бойынша зұлым күштерден қор­ғау­шы ретінде қойылған. Сондай-ақ жыл­қының азу тісі, келесі обадан төмен температурада бағалы метал­дарды балқытуға арналған, ғылыми айналым­да «тигел» деп аталатын ­сирек кез­де­сетін керамикалық ыдыс табылды. Бұл – сол кезеңдегі металл өңдеу тех­но­логиясына қатысты маңызды жаңалық.

Айта кетерлігі, обалар ежелгі дәуір­де бірнеше рет тонал­ғанына қара­мас­тан, бүгінгі қазба жұмыстары нәти­жесін­де маңызды деректер мен жәді­гер­лер табылып отыр. Зерттеу жұмыс­тары­на арнайы меморандум аясында «Ор­дабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері де қатысты.

Лейден университетінің антрополог жас ғалымы Полина Колмогорова бұл зерттеу жұмыстары Қазақстанның көне тарихының ашылуына, Қаңлы кезеңінің мәдениеті мен салт-дәстүрін тануға үлес қосатынына сенім білдірді. Ол археологиялық зерттеулер жүргізуді алдағы уақытта да біздің ғалымдармен бірге жалғастырмақ.