
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Ішкі мәдениеттің көрсеткіші
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңызы туралы үнемі айтып келеді. Акция мақсаты – табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру, елдегі экологиялық жағдайды жақсарту. Бастама барша халықты біріктіріп, оларды туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде топтастыра алды. Президент айтқандай, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет.
«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы,» деген еді Мемлекет басшысы.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығы белсенді түрде қолдап отыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен ірі өндіріс орындары абаттандыру, санитарлық тазарту жұмысын тұрақты жүргізіп келеді. Кәсіпорындар «жасыл аймақтардағы» көшеттер санын көбейте түскен. Ауыл-аудандар өз аумақтарын ретке келтіріп, күл-қоқыстан арылтып жатыр.
116 аула абаттанып жатыр
Биыл облыс орталығындағы 17 шағын бақты, үш қалада жалпы саны 116 ауланы абаттандыру көзделген. Бұл жұмыстарға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Ертіс-Баян өңіріндегі көпшілік серуендейтін орындар мен үй аулаларын жаңартуға жол ашып отыр. Оның аясында тұрғындардың жайлы уақыт өткізулері үшін саябақтар мен бақтарда рекреациялық аймақтарды ұйымдастыру жұмысы жалғасып жатыр.
– Павлодар қаласында 662,7 млн теңге сомасына 17 шағын бақты абаттандыру аяқталады. Бүгінгі күні 7 бақтағы жұмыс толықтай аяқталды, тағы 4 бақ та 80%-ға бітіп тұр, көгалдандыру ғана қалды. Өзге шағын бақтарды 1 қыркүйекке дейін жаңарту жоспарланып отыр. Шағын бақтардың орындарын таңдау тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жүргізіледі, – дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.
Басқарма өкілі тұрғындардың жайлы уақыт өткізуі үшін «Таза Қазақстан» акциясы аясында саябақтар мен алаңдарда рекреациялық аймақтарды ұйымдастыру жалғаса беретінін атап өтті. Мәселен, бүгінде Екібастұз қаласындағы Шахтерлер саябағы қайта жаңару үстінде. Бұдан бөлек, облыс орталығында Лермонтов көшесін жаңарту жөніндегі жұмыс жалғасын тапқан. Жобада сәулет және инженерлік шешімдерді жаңғырту, сондай-ақ барлық тұрғынға қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта құру көзделген. Аумақта қосымша 17 шағын бақты орналастыру қарастырылған.
Қолайлы аулаішілік орта құру үшін биыл барлығы 116 ауланы абаттандыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 90 аула жаңарып үлгерсе, 26 аулада жұмыс жалғасып жатыр. Жобалар шеңберінде балалар ойын алаңдарын орнату, аумақты жарықтандыру, аулаларды асфальттау көзделген. Әкімдік табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп аула аумақтарында инженерлік желілердің болуына қатысты тексеру жүргізеді, содан кейін аулалардың тізімі айқындалады.
– Павлодар қаласында «ДМ» ЖШС 50 ауланы (669,8 млн теңге бөлінген), Екібастұз қаласында «Strong Service» ЖШС 915,0 млн теңге сомасына 50 ауланы, сондай-ақ Ақсу қаласында «Ertis Art Service» ЖШС 16 ауланы (268,8 млн теңге) абаттандыруды міндетіне алған. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр, – деп қосты басқарма өкілі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бонустық қор шеңберінде 20 ауылда жалпы сомасы 721 млн теңгеге абаттандыру жөніндегі 31 жобаны іске асыру жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға қатысты 9 жобаға (саябақтар, бақтар, тротуарлар) 466,8 млн теңге, 11 елді мекенді жарықтандыруға 70 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ коммуналдық қажеттілік үшін 184,2 млн теңгеге 11 техника сатып алынған.
180 мыңнан астам адам үн қосты
Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына Ертіс-Баян өңірінен 180 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Жалпы көлемі 40 мың тонна қоқыс шығарылып, 860-қа жуық техника, 35,4 мыңнан астам кәсіпорын, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар жұмылдырылған. 39 мың түп ағаш отырғызылған.
– Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдың сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Жалпыұлттық акция аясында облыс әкімдігі аумақты жинау, тазалау жөнінде тақырыптық экологиялық акциялар өткізуді көздеген өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітті. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа сервис іске қосылғаны мәлім. «TazaQazBot» чат-боты қалалық орта мен экология саласындағы проблемаларды шешуге, өтінім беру үдерісін жеңілдетуге арналған. Жаңа құрал еліміздің әрбір азаматына тұрғын үй-коммуналдық саласына, қоршаған ортаға байланысты проблемалар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік берді, – дейді Әлішер Бауыржанұлы.
Өтінім беру сервисіне облыстан барлығы 346 өтініш келіп түскен. Қазіргі күні барлық өтінім орындалған. Өтініштердің көпшілігі жер қазу жұмысынан кейін абаттандыруды қалпына келтіру, қоқыстарды шығару мәселесіне қатысты екен.
Ұлттық парк аумағы ретке келтірілді
Жергілікті белсенді жастар мен Баянауыл аудандық қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Баянауыл ұлттық табиғи паркінің қолдауымен Сабындыкөл маңайы ретке келе бастады. Тазалық іс-шаралары Баянауыл ауданында тұрақты жүргізіліп келеді.
Белсенді жастар мен аудандық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қолдауымен өткен «Көркем Баянауыл» атты санитарлық іс-шара барысында қатысушылар Сабындыкөл жағажайын қоқыстан тазартты. Іс-шара барысында жастар мен қоғамдық кеңес мүшелері жұдырықша жұмылды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың сұлу бейнесін сақтау, аудан тұрғындары мен қонақтарын табиғатымызды ластамауға шақыру.
– Әсем табиғатымызды сақтау – бәріміздің міндетіміз. Таза жерде жүрген адамның жаны да, ісі де таза болады. Сондықтан тынығу орындарында, табиғат аясында айналаға қамқорлықпен қарап, қоқысты кез келген жерге тастап кетпеулеріңізді сұраймыз. Табиғат-ананың бізге берген байлығын келер ұрпаққа аман-сау жеткізуіміз керек, – дейді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Аспанбек Ағымбеков.
Өткен жылы Баянауыл аумағында 161 мыңнан астам турист тыныққан. Ұлттық парк басшылығы демалушылар саны биыл еселене түсетінін болжап отыр. Ендеше, рекреациялық аймаққа түсетін жүктеме одан сайын ауырлай беретіні анық. Сондықтан туристердің назарын тазалық мәселесіне аудару маңызды.
Көп адам «Таза Қазақстан» әдеттегі сенбілік өткізу деп ойлайтыны рас. Дегенмен бұл акцияның мәні тереңде, ол замандастарымызды экологиялық тұрғыдан тәрбиелеп, қоршаған орта туралы білімін жетілдіреді. Баянауыл жастар орталығы экологиялық топ құрып, көпшілік орындарды, үй аулаларын, табиғат аумақтарын, көшелерді тазалап жүр.
– Баянауыл жастары ұдайы белсенді. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша санитарлық тазалауды бұл жолы Сабындыкөл маңайында жүргіздік. 30-40 қаптай қоқыс шығарылды. Негізі Сабындыкөл жағасының біраз бөлігі ұлттық паркке, қалғаны әкімдікке қарайды. Бірақ аумақты бөліп-жармай, көл маңайындағы барлық жерді, тау-тасты тазартып жатырмыз. Келімді-кетімді адамдар тамақ қалдықтарын, тұрмыстық заттарды лақтырып кетеді. Бұдан табиғатқа қаншама зиян келеді. Кейде шыны құтылардың сынықтарынан, темекі тұқылынан өрт те шығатын жағдай кездеседі. Табиғат таусылмайтын байлық емес. Мектеп оқушыларын да, іс-шараларымызға жұмылдырып жатырмыз. Өскелең ұрпақ қоршаған ортаны қорғауға қазірден үйренулері керек. Алдағы уақытта «Кемпіртас» табиғи ескерткішіне, «Қоңыр әулие» үңгіріне, «Сарыадыр» қойнауына барып, тазалық жүргіземіз, – дейді аудандық жастар орталығының директоры Ренат Ильдин.
Жастар клубы да жарап тұр
Былтыр Керекуде жастарға арналған экоклуб ашылған. «Greenpvl» экоклубының мақсаты – жастардың бойында экологиялық мәдениетті арттырып, қоршаған орта деген қамқорлықты қалыптастыру. Жоба «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бір тармағы ретінде өміршеңдігін көрсетіп отыр. Мұнда қала жастары жиналып, туған өлкесінің экологиясы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мәселелермен танысады.
– «Greenpvl» экоклубы – «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысында қолға алып отырған жаңа бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұған дейін елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізіле бастағаны мәлім. Азаматтардың санасында тазалық сезімін, қоршаған ортаға қамқорлық қасиеттерін ұялату мақсатындағы мұндай жобаларды енгізу өте маңызды. Ассамблея жастары клубқа жиналып, оларға экологиялық мәдениетті арттыруға қатысты деректі фильмдер көрсетіледі. Соңынан туған өлкеміздің экологиялық тақырыптары талқыланады. Клубқа Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жастары мүше бола алады, – деп атап өтті клуб ұйымдастырушылары.
Қазірде экоклубқа 50 жас азамат мүше болып үлгерді. Ұйым ішінде өңірімізге белгілі эколог ғалымдар дәріс оқып, танымдық сабақтар өткізеді. Мысалы, француз режиссері Ян Артюс-Бертранның «Үй» атты ғылыми-танымдық фильмі бірнеше мәрте көрсетілген. Картинада Жер ғаламшарындағы барлық сұлулық көрсетіледі. Режиссер жер бетіндегі ғажап үйлесім мен экологиялық тепе-теңдік адамзаттың әрекетімен қалайша бұзылып, апат тудырып жатқаны туралы керемет суреттеген. Қоршаған ортаға зардабы мол өнеркәсіптер, алапат соғыстар мен экологиялық апаттар туралы кеңінен мағлұматтар қамтылған. Жастар мұндай танымдық дүниелерді көре отырып, бойларында экологиялық сана-сезім қалыптастырады деген сенім зор.
Клуб мүшелері «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, тазалық іс-шараларын үзбей жүргізіп жатыр. Ертіс, Усолка өзендерінің жағалауы, «Қазқонақ» табиғи ескерткіші маңы, саябақтар мен гүлзарлар, балалар алаңдары қоқыстан тазартылып, жастар қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтындарын байқатты.
Халқымыз ежелден табиғатқа, өз үйінің, айналасының таза болуына ұқыпты қараған. Елімізде осы игі дәстүрлерді жаңғыртуға арналған «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатқаны қуантады. Осындай бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде айналамызды үнемі мұнтаздай таза етіп ұстай аламыз.
Павлодар облысы