
Ашық аспан астындағы кинотеатрдың кезекті күнінде белгілі актер, танымал режиссер Досхан Жолжақсынов пен жазушы, киносценарист Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді.
Алғаш 1945 жылы хакім Абайдың 100 жылдығында Алматы көркем және хронологиялық фильмдер студиясы «Абай әндері» фильмін түсірген еді. Бұл туындыны сол кездегі Одаққа танымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон жарыққа әкелген. Сценарийін заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазған. Фильмде басты кейіпкерді атақты актер Қалибек Қуанышбаев сомдаса, басқа рөлдерді Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Ал 1995 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен режиссер Ардақ Әмірқұлов екі сериялы «Абай» көркем фильмін түсірді. Басты рөлдерде Т.Жаманқұлов, Ғ.Тұрықбаев ойнаған.
«Іс-шараның мақсаты – ұлы ойшылдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, көрерменге Абай шығармашылығын заманауи тәсілмен, яғни экран арқылы қайта таныту. Онкүндік аясында Абай рухын сездіру», дейді ұйымдастырушылар.
Кино көрсетілімнің онкүндік кестесіне сәйкес, 2-7 тамыз – «Абай жолы» телехикаясы көрсетілсе, 8 тамыз – «Көксерек» көркем фильмі, 9 тамыз – «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі, 10 тамыз – «Абай әндері» музыкалық фильмі көрсетіледі. Барлық кино ашық алаңда көрсетіліп, көрерменге тегін ұсынылып жатыр.
Абай облысы