Ғылым • Кеше

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 217 қазақстандыққа берілді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 217 қазақстандыққа берілді

Қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер саны өте көп. Барлық бағдарлама мен бағыттар бойынша жалпы конкурс бір орынға 4 адамды құрады. 

Биыл бұл жаңа ереже бойынша өткізіліп жатқан «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған екінші байқау атап өткен жөн. Үміткерлер конкурстық іріктеудің үш кезеңінен өтті: кешенді тестілеу, әңгімелесу және ең жоғары балл жинаған қатысушыларды Республикалық комиссия іріктеу. 

Шәкіртақы алуға 981 үміткер өтініш білдірді. Оның 916-сы бірінші, 659-ы екінші, 217-сі үшінші кезеңді аяқтады. 

Отырыс барысында Республикалық комиссия 217 Қазақстан азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. 

Оның ішінде 167 адам магистратурада, 13-і докторантурада, ал 37 қазақстандық әлемнің үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді. 

Бұл ретте стипендиаттардың 67,7%-ы жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша, 32,3%-ы әлеуметтік-гуманитарлық бағытта білім алады. 

Республикалық комиссия ғылыми тағылымдамадан өтуге конкурстық іріктеу нәтижелерін де қарады. Барлығы 165 өтінім берілді. Үш деңгейлі конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 68 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия берілді. 

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру және жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.