Үкімет • Бүгін, 09:05

Медициналық мекемелер салынады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік нысандар салу жұмысы жалғасып жатыр. Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға шамамен 7 млрд теңге бөлінді.

Медициналық мекемелер салынады

Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салуға бағытталған. Онда инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері және басқа да бейінді бөлімдер ашылып, заманауи медициналық жабдықтар: магниттік-резонанстық томография, компьютер­лік томография, ангиографиялық қондырғылар орнатылады. Жобалар жүзеге асқан соң, ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғын мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді. Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Ал Жамбыл облысындағы ауруханаларды реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 2,4 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл қаржыға «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысының Меркі мен Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды реконструкциялау көзделген. Мәселен, қайтарылған активтердің бір бөлігі Талас аудандық көпсалалы орталық аурухананы реконструкциялауға бағытталмақ. Қарастырылған қаражат көлемі – 2,3 млрд теңге.

Ал Меркі аудандық көпсалалы орталық аурухананың қабылдау бөлімшесін жөндеуге 144,9 млн теңге жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары соңғы сатыда. Нысанды пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған. Жалпы алғанда, биыл Арнаулы мемлекеттік қордан Жамбыл облысында төрт денсаулық сақтау нысанын іске қосуға 2,8 млрд теңге бағытталған. Бұған дейін Қордай, Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы салынғаны туралы хабарланған болатын. Олардың әрқайсысы тәулігіне 45 келушіге дейін қабылдай алады.