Абай • Бүгін, 08:55

Абай әндері әуелеген кеш

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өңірлік тарихи театрда «Абай әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мәдени шараға елімізге белгілі өнер саңлақтары қатысты.

Абай әндері әуелеген кеш

Көлеңке басы ұзарып, кеш түсе Семей жұрты Абай театрына қарай ағылды. Біз де осы нөпірмен бірге көрермен залына лап қойдық. Іште ине шаншар жер жоқ, орын жетпеген жұртқа тік тұрып концерт көруге тура келді. Кенет бұрыннан таныс, таныс та болса бөлек бір әуен сыңғырлап қоя берді. Абай елінің үш ішекті домбыра әуезі. «Көзімнің қарасы» күй болып төгілді. Шертіп отырған күйші, өнер зерттеуші – Рүстем Нүркенов. Дәулескер күйші Таласбек Әсемқұловтың қолынан күй үйренген, осы Шұбартаудың тумасы. Ал кеш шымылдығы ашылғанда сахна емес, Абай өмір сүрген сазды, сауықты бір кештің үстінен түскендей,  көңілге түрлі ой салды. «Желсіз түнде жарық ай» әні сыбызғы тілінде, көне бір дәуірдің үніндей сызылды. Япыр-ай, бұл не құдірет деп тамсанып үлгердік. Сахна шымылдығы толық ашылғанда: «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағы­лымын бағамдаудан байқалмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар» деген жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзі экранда көрініс берді.  Бұдан соң өнерпаздар бірінен соң бірі сахна төріндегі қазақы үйдің керегесін жағалай жайғасып, Абайдың сиқырлы музыка әлеміне көрермен көпшілікті еріксіз баурап ала жөнелді.

Әнші Перизат Тұрарова «Желсіз түнде жарық айды», сыбыз­ғышы Талғат Мұқышев «Ертіс толқыны» халық күйін, Толған­бай Сембаев «Қор болды жаным­ды», Гүлдана Ноғайбаева «Татья­на­ның әнін» орындады. Көрер­мен құлақ күйі әбден келіп, көңіл бір әсем күйге орныққан кезде кеш тізгінін ұстаған радио жур­налисі, әнші Жасұлан Базар­беков ежелден елі аралас, қойы қоралас Ертіс-Баян өңірі­нен келген белгілі әнші Ербол Айт­баев­тан қонақкәде сұраған.

кеш

Әнші Ербол Хамитұлы – Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Мұстафа Бүркітбайұлы, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды әйгілі әншілердің дәстү­рін жалғаған аруақты өнерпаз. Аққөл-Жайылмадан келген қонақ­жай келмеген екен, Абай тойына «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің көптен айтылмай кеткен Қали Байжановтан жеткен нұсқасын орындаған. Әнші Е.Айтбаевтың айтуынша, Қали Байжанов Абай ауылында бір апта жатып, Абай әнін өз аузынан үйренген екен.

Көрермен ықыласына бө­лен­ген Е.Айтбаев бұдан соң Зіл­қа­раның «Жиырма бес» әнін орындады.

Кеш көрігін Клара Төленбаева қыздырды. Көрермен сахнадан түсіргісі келмей, қайта-қайта ән сұрады. Сол секілді Гүлмира Саринаны да Семей жұрты са­ғын­ғаны көрініп тұрды. Еркін де ер­кін самғатқысы келген ел қоше­метке бөледі. Ал Алатаудың әнін әуелете келген Ерболат Шал­ды­беков Жамбыл жырымен кеш алауын жандыра түсті. Абай ата­мыздан қалды дейтін күй мұра­сын Рүстем Нүркенов пен Дарын Құдайберген күмбір­летті. Ал Ерлан Рысқали баяғы­ның сал-серілеріндей ойнақы әуен­дерді құйқылжыта орындап, тың­дарман делебесін қоздырды. Кеш­тің құрметті мейманы бел­гілі әнші, халық әртісі Рамазан Стам­ғазиев Біржан сал әндерін орын­дап, кешті жоғары деңгейге көтерді.

ел

Жалпы, кеште Рамазан Стам­ғазиев, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіман, Талғат Мұқышев, Клара Төленбаева, Гүлмира Сарина, Берік Омаров, Ерлан Рысқали, Ерболат Шал­дыбеков, Перизат Тұрарова, Талғат Абуғазы, Төлеутай Серіков, Гүлдана Ноғайбаева, Рүстем Нүркенов, Дарын Құдайберген, Жасұлан Тәжиев, Диас Мұратхан, Дария Бекпенбетова, Айдос Саниязбек, Біржан Айтахметов, Айдан Бауыржанұлы, Таңат Мұқашев сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Бірер меймандарды айтпағанда, бәрі де Абай елінің тумалары. Ал осынау керемет кештің бас режиссері – Жұлдызбек Жұманбай екенін де айта кеткен жөн.

Бұл концерттің негізгі жаңа­лығы – Толғанбай Сембаев «Қор болды жаным», Еркін Шүкі­ман «Мен көрдім ұзын қайың құла­ғанын» әндерін қайта жаңғыр­тып, үлкен сахнаға алып шыққаны дер едік.

Кеште Абай, Біржан сал, Шәкәрім, Уәйс, Мұхаметжан Майбасарұлы, Ақылбай Абайұлы, Майра Уәлиқызы, Жәнібек Кәрменовтің әндері орындалды. Дәстүрлі өнер деген киелі мұра екенін осы кеш дәлелдегендей болды. Бұл кештің мұндай жоғары деңгейде өтуінің өзіндік себебі де бар екені рас. Оның сыры – бұған дейін қалыптасқан дәстүрінде жатса керек. Абай елінің ән өнері Әлмағамбет Қап­салямұлы, Мұхаметжан Майба­сарұлы, Әміре Қашаубаев, Мәде­ниет Ешекеев, Тұрсынғазы Рахимов, Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков және т.б. әншілер арқылы дәстүрлі өнердің мұрты бұзылмай, шеті сөгілмей бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

 

Абай облысы