Абай • Бүгін, 08:00

Кемеңгер тойына күй шашу

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай Құнанбай­ұлының 180 жылдық мерейтойына арнал­ған мәдени іс-­ша­ралар аясы­н­­да көр­некті күйші-ком­позитор, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ ­жауын» камералық оркестрі­нің қатысуымен «Абай жолы» атты музыкалық кеш өтті.

Кемеңгер тойына күй шашу

Кеш барысында күй өнерінің дарабозы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Секен Тұрысбековтің сырлы сазды, терең философиялық мазмұнға толы күй толғаулары орындалып, көрерменді көркем сезімге бөледі. Күй керуені хакім Абайдың өлең­дері­мен өрнектеліп, Секен әндерімен әрленді. Күй мен поэзия, ән мен әңгіме ұштасқан кешке көрермен ықыласы ерекше болды.

– Абай тойы басталған күннен бастап «Ақ жауын» камералық оркестрі­мен бірге Абай облысының Мақаншы, Үржар, Аягөз аудандарында концерт қойып келдік. Бір қызығы, «Ақ жауын» оркестрі барған аудандардың бәрінде ақ жауын болды. «Ақ жауын – Алланың нұры» дейтін әжелеріміз. Тағы бір айта кетер жайт, облыс әкімі Берік Уәлидің ұсынысымен облыстық телеарнада ауа райы бағдарламасының фонына «Ақ жауын» күйін беріпті. Қытайдағы қазақ телеарналарында да «Ақ жауын» күйі берілетінін көргем. Содан ба, кейбір кісілер «Ауа райын» тартып беріңізші дейтін болыпты», деп ағынан жарылды күйші.

Күй кешіне көптеп жиналған облыс тұрғындары мен қала қонақтары, жалпы өнерсүйер қауым бекзат өнерге шынайы ризашылықтарын жеткізіп, қайта-қайта шатырлаған қошемет білдірді.

«Ақ жауын» мемлекеттік камера­лық оркестрі дәстүрлі саз өнері мен зама­науи классиканы шебер ұштасты­рып, Абай шығармаларына арнал­ған музыкалық интерпретация­ларды жоға­ры деңгейде орындады. Оркестр репер­туарындағы әрбір шығар­ма көрерменге терең ой салып, әсерлі әуен тыңдаушы жүрегіне әсем із қал­дырғаны сөзсіз.

 

Абай облысы