
Фото: Ашық дереккөзден
Бұл шешім азаматтардың дербес деректерін қорғау деңгейін арттыру және жеке цифрлық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, электрондық қолтаңбаны бөгде тұлғалардың алуына жол бермейді.
Бұрын ЭЦҚ кілттерін онлайн да, ХҚКО-да да алуға болатын. Енді бұл процедура толықтай онлайн форматқа көшірілді.
ЭЦҚ-ны онлайн алу үшін:
- egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріңіз;
- Онлайн өтінім жіберіңіз;
- Биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз – жүйе камера арқылы бет-әлпетіңізді таниды.
Егер тұлға бейнесі сәтті расталса, ЭЦҚ кілті бірден, ХҚКО қызметкерлерінің қатысуынсыз онлайн түрде беріледі. Кейде жүйе тұлғаны танымаса, базада фотосурет болмаса немесе техникалық ақау болса, жүйе 5 ретке дейін биометриялық тексеруден өткізуге мүмкіндік береді. Осы әрекеттер сәтсіз аяқталған соң ғана ХҚКО-ға жүгіну мүмкіндігі пайда болады.
Маңыздысы – биометриядан өтпейінше, ХҚКО-да оператор арқылы өтініш беру мүмкін емес. Оператор ЖСН бойынша ақпаратты тексереді және егер бес рет сәтсіз биометрия тапсыру әрекеті болмаған жағдайда, қызмет көрсете алмайды. Онлайн қызмет толық пайдаланылғаннан кейін ғана ХҚКО арқылы өтініш беру мүмкіндігі автоматты түрде ашылады.
Интернет байланыс нашар және немесе компьютері жоқ азаматтар үшін ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Егер пайдаланушы сол жерде сәтті идентификациядан өтсе, ЭЦҚ кілттері ХҚКО операторының қатысуынсыз онлайн түрде беріледі.
Министрлік дерегінше, Қазақстанда ЭЦҚ беру процесінің негізінен қашықтан форматқа ауысқан. 2025 жылдың басынан бері республика бойынша 14,9 миллионнан астам ЭЦҚ кілті берілген. Соның ішінде 92,25%-ы қашықтан сәйкестендіру арқылы, ал небәрі 7,75%-ы ХҚКО арқылы рәсімделген. Бұл деректер онлайн-сервистің жоғары сұранысқа ие екенін және мемлекеттік қызметтердің цифрландыру бағытында тұрақты үрдіс қалыптасқанын көрсетеді.
Бұл жаңашылдық ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. ЭЦҚ өз қолымен қойылған қолтаңбаға теңестіріледі және толық заңды күшке ие, сондықтан ЭЦҚ кілттеріне қолжетімділік тек оның иесінде ғана болады. Биометрияны қолдану жеке тұлғаны сенімді түрде растауға және ЭЦҚ кілттерін заңсыз алу жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.