
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік іс-шаралар аясында Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорттық кешенінде Түркістан облысының мәдени күндері өтті. Мәдени күндер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылды. Түркістан өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдері нарықтағыдан едәуір төмен бағамен саудаланды. Жәрмеңкеге Түркістан облысынан 540 тоннадан асатын, 40-қа жуық өнім түрі жеткізіліпті. Оның ішінде 194 тонна картоп, 81 тонна бау-бақша өнімдері, 71 тонна жеміс-жидек, 167 тонна сүт өнімдері, бал, шырын, шұжық, жұмыртқа сынды өнімдер бар. Әсіресе дәмі тіл үйіретін Мырзашөлдің қауыны мен Шардараның қарбызына сұраныс көп болды.
Қызық мұнымен біткен жоқ, Түркістан облысының мәдени күндері аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі де ашылды. Онда ағаштан, киізден, қыштан жасалған бұйымдар, тоқыма кілемдер, зергерлік әшекейлер мен түрлі кәдесыйлар тойшыл қауымның көз жауын алды. Бұған қоса, баяғы жәрмеңкенің салтымен киелі Түркістаннан арнайы келген «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі, «Фараб» би ансамблі, «Сарын» тобы мен Ш.Қалдаяқов атындағы филармония әншілері жәрмеңкеге жиналған жұртшылыққа концерт қойып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Түркістан облысының мәдени күндері аясында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жәрмеңке мен көрмені аралап, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Абай облысының тұрғындары атынан Түркістан облысының басшылығына, ұйымдастырушыларға, барлық қатысушыларға алғысын жеткізді.
«Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы ғой. Семей – Алаштың алғашқы астанасы. Екі рухани өңірдің бауырластығы, ынтымақтастығы қуантады. Ең бастысы, мұнда баға қолжетімді. Жәрмеңке үлкен мерейтой кезінде ұйымдастырылғанын халық жақсы қабылдап жатыр. Бұл шара шығыс пен оңтүстіктің арасын жалғаған алтын көпір болды. Халыққа қажет осындай жәрмеңкелерді алдағы уақытта да ұйымдастыру үшін әріптесім Нұралхан Көшеровке тұрғындардың өтінішін айтып, қолқа салатын боламыз», деді облыс басшысы.
Іс-шара өтіп жатқан аумақта төрт павильоннан тұратын фудкорт аймағы да жұмыс істеп тұр.
«Бәрі халыққа ыңғайлы жасалған. Қалада тұратын көп адамның саяжайы жоқ, өз өнімін өсірмейді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға аса қажет. Бағалар да базардағыдан әлдеқайда арзан. Тұрғындар көп келіп жатыр, бәрі риза. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегіміз бар», деді қала тұрғыны Сағдат Сыздықбаева.