
Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның түсіндіруінше, кәсіпкер алдымен салық органына өзіне қандай компания қанша қарыз екенін көрсете отырып өтініш береді. Соның негізінде салық органдары дебиторға ресми хабарлама жолдайды.
«Мысалға, сізге бір компания 200 мың теңге қарыз делік. Ал сіздің салық берешегіңіз 150 мың теңге болса, біз тек сол 150 мың теңгені өндіруге хабарлама жібере аламыз. Одан асыруға құқығымыз жоқ», деді Қайсар Арын.
Хабарлама алған дебитор 20 күн ішінде берешек сомасын нақтылап, өзара есеп айырысу актісін жасап салық органына ұсынуы тиіс. Егер бұл мерзімде ешқандай жауап болмаса, салық органы тексеру жүргізуге құқылы. Қарыз нақты анықталған жағдайда, дебитор компаниядан өндіріледі және кәсіпкердің салық берешегі соның есебінен жабылады.
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексіне сай, егер дебитор ешқандай жауап қайтармаса, салық органдары оған айыппұл салып, есепшотын бұғаттай алады.
«Бұл кәсіпкерлердің өз қарызын өндіріп алуына жақсы мүмкіндік. Өйткені өзіне қарыз компания борышты төлемей жүрсе, ақшаны өндіріп алу үшін сотқа жүгінуіне тура келеді. Ал сот үдерісі 2 айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін. Ал мына жерде нақты құжаттармен дәлелденсе, 20 күн ішінде өзінің салық қарызын жауып алуына болады», деп түсіндірді Қайсар Бақытұлы.
Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.