Тағзым • Кеше

Қош бол, ғарышкер!

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Суық хабар қашан да жаныңды күйзелтеді... Қазақстанның Халық қаһар­маны, Ресей батыры, атақты ғарышкер-ұшқыш Талғат Мұсабаевтың мезгілсіз қазасы қабырғамды қайыстырды.

Қош бол, ғарышкер!

1991 жылы қазақ халқының жүре­гін қолыма алып тұңғыш рет ғарышқа аттанғанда Талғат Амангелдіұлы маған қосалқы ғарышкер болып тіркеліп еді. Араға  үш жыл салып, ол ғарышкер-бортинженер санатында ғарыш көгіне шықты.

Талғат Амангелдіұлы қазақтан ­шық­қан нағыз кәсіби, білгір ғарыш­кер! Жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол – ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Ғарыштағы сол ерлігі үшін есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Тұңғыш ғарыш турисі америкалық Деннис Титоны ғарыш көгінде 8 тәулік сапарлатып, аман-есен Жерге алып келді. Ол да – үлкен ерлік!

Қазақстан ғарыш зерттеу саласы қай­ғыру үстінде. Өйткені бұл салаға Талғат Аман­гелдіұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Мезгілсіз қазаның салмағы халықтың жүрегіне ауыр тиіп отыр.

Мен халқыма, Талғат Амангелді­ұлы­ның жан жары Виктория Вольде­ма­ров­наға, етжақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын.

Бақұл бол, Халық қаһарманы!

Жаның жәннатта болсын!

 

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,

қазақтың тұңғыш ғарышкері