Қылмыс • Кеше

Алаяқтар ақсулық әйелдің 15 миллион теңгесін үптеп кетті

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақсу қаласының тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы келген жалған жазбаға сеніп, алданып қалды. Алаяқтар оның депозиттегі ақшасын шешіп, миллиондаған теңге несие рәсімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар ақсулық әйелдің 15 миллион теңгесін үптеп кетті

Өңірлік полиция департаментінен хабарлағандай, алаяқтар қоғамдық өмірдегі трендтер мен қаржы нарығындағы жаңалықтарды тұрақты бақылап, әдістері мен схемаларын үнемі жетілдіріп отырады. Қаскүнемдер өзіне қажетті ақпаратқа қол жеткізсе, бірнеше минут ішінде шотыңыздағы бар қаражатты қалтасына басып, миллиондаған несиені мойныңызға іліп кете береді.

Мұндай алаяқтық схемаларының біріне Ақсу қаласының тұрғыны тап болды. Ол қаскүнемдердің айла-шарғысына тұтылып, 15 млн 257 мың теңге сомасында несиені арқалап қалды.

- Маған WhatsApp арқылы өзім жұмыс істейтін зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасынан хабарлама келді. Белгісіз адамдар менің атыма несие рәсімдегені туралы жазыпты. Бір минуттан кейін маған Ұлттық банктің қызметкерлері қоңырау шалып, ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаражатты шұғыл түрде өзге шоттарға аударуым керек деп сендірді. Қорыққанымнан олардың айтқанын қалай жасағанымды сезбей де қалдым. Екі банктегі депозиттен ақшамды шешіп, сондай-ақ басқа банктен несие рәсімдеп, көрсетілген түрлі шоттарға аудардым,-деп бөлісті өзінің алдану оқиғасы туралы жәбірленуші әйел.

Ақыр-соңы ол өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға хабарласқан.

Полицейлер маңызды қаржылық шешімдер қабылдауға ешқашан асықпау керектігін ескертеді. Бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, соның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жібермеңіз.

Павлодар облысы