
2 тамыз, Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы арналған онкүндік іс-шаралардың екінші күнгі қызығын көргісі келген ағайы, таң атысымен Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорттық кешеніне ағылды. Біз де осы қара нөпірдің ішінде келеміз. Осылайша «Арена» аумағында Түркістан облысының мәдени күндері басталды. Екі күнге созылатын бұл іс-шара қос облыс арасындағы ынтымақтастық негізінде оңтүстік өңірден тойға тарту ретінде ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн.
Мәдени күндер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ашылды. Түркістан өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдері нарықтағыдан едәуір төмен бағамен саудаланды. Жәрмеңкеге Түркістан облысынан 540 тоннадан асатын, 40-қа жуық өнім түрлері жеткізіліпті. Оның ішінде 194 тонна картоп, 81 тонна бау-бақша өнімдері, 71 тонна жеміс-жидек, 167 тонна сүт өнімдері, бал, шырын, шұжық, жұмыртқа сынды жергілікті қайта өңделген өнімдер бар. Әсіресе, дәмі тіл үйіретін Мырзашөлдің қауыны мен Шардараның қарбызына сұраныс көп болды. Күн ыстықта өзіміз де бір-екеуін жәукемдеп үлгердік.
Қызық мұнымен біткен жоқ, Түркістан облысының мәдени күндері аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі де ашылды. Онда ағаштан, киізден, қыштан жасалған бұйымдар, тоқыма кілемдер, зергерлік әшекейлер мен түрлі кәдесыйлар тойшыл қауымның көз жауын алды. Бұған қоса, баяғы жәрмеңкенің салтымен киелі Түркістаннан арнайы келген «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі, «Фараб» би ансамблі, «Сарын» тобы мен Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның әншілері жәрмеңкеге жиналған жұртшылыққа концерт қойып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Түркістан облысының мәдени күндері аясындағы ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жәрмеңке мен көрмені аралап, өнерпаздардың өнерін тамашалады. Абай облысының тұрғындары атынан Түркістан облысының басшылығына, ұйымдастырушыларға, барлық қатысушыларға алғысын жеткізді.
«Түркістан түркі дүниесінің рухани астанасы ғой. Семей – алаштың алғашқы астанасы. Екі рухани өңірдің бауырластығы, ынтымақтастығы қуантады. Ең бастысы, мұнда баға қолжетімді. Жәрмеңкенің үлкен мерейтойдың кезінде ұйымдастырылғанын халық жақсы қабылдап жатыр. Бұл шара Шығыс пен оңтүстіктің арасын жалғаған алтын көпір болды. Халыққа қажет осындай жәрмеңкелерді алдағы уақытта да ұйымдастыру үшін әріптесім Нұралхан Көшеровке тұрғындардың өтінішін айтып, қолқа салатын боламыз» деді аймақ басшысы.
Жәрмеңкені ұйымдастырушылар өнімдерге халық тарапынан сұраныстың жоғары болғанын айтты.
«Абай өңірі, Семей халқы бізді жылы қабылдап жатыр. Талай жәрмеңкелерді ұйымдастырып жүрміз. Бірақ халықтың мынадай ықыласын бірінші рет көріп тұрмыз. Таңғы сағат 7-ден бастап жиналып, өнімдерімізді алып жатыр», – деді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхамбет Құралбеков.
Іс-шара өтіп жатқан аумақта төрт павильоннан тұратын фудкорт аймағы да жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған, бәрі халыққа ыңғайлы жасалған. Қалада тұратын көп адамның саяжайы жоқ, өз өнімін өсірмейді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындарға аса қажет. Бағалар да базардағыдан әлдеқайда арзан. Тұрғындар көп келіп жатыр, бәрі риза. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегіміз бар», – деді қала тұрғыны Сағдат Сыздықбаева.
Түркістан облысының мәдени күндері ертең де жалғасады.
Ал Семей қаласындағы Әуезов алаңында «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеш өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген және Абай елінің әдебиетшілері қатысты. Абай тойына арналған мәдени іс-шара кешкі алтыда Абай атындағы театр сахнасында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың «Айналдым елім» атты шығармашылық концертіне ұласты. Концерт барысында өнер иесі Абай шығармашылығына арналған әндер мен қазақ музыка өнерінің інжу-маржандарын орындады. Абай облысының тумасы Майра Ильясова бұл кеш арқылы туған топырағына деген шексіз құрметі мен ықыласын білдірді. Гастрольдік сапар аясында концерт 3-6 тамыз күндері Үржар, Аягөз, Жарма, Жаңасемей аудандарында да жалғасады.
Абай облысы