Абай • 01 Тамыз, 2025

«Көзімнің қарасы» – көздің қарашығы емес

80 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқаға­ным бар» деп Ахмет Байтұрсынұлының бұдан ғасыр бұрын айтқан сөзі бар.

«Көзімнің қарасы» – көздің қарашығы емес

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Абайдың кей өлеңдерін жатқа білмей­тін қазақ кездескенімен, «Көзімнің қарасы» деген әнін білмейтіні жоқ. Ел жатқа білетін осынау әуенді өлеңнің бірінші жолынан ауызға түсер сөзді қалай түсіндік? «Көзім­нің қарасы» деген сөздің сол өлең­дегі, сол шумақтағы мағынасын өлең мәде­ниетіндегі орнын дұрыс ұғына алдық па?

Бір әңгіме кезегінде Тұрсын Жұртбайдан осы өлеңнің орыс тіліне қалай аударылғанын сұрағаным бар.

Мария Петровых:

«Ты – зрячок глаз моих,

Пламень душ золотых», – деп аударған екен. Яғни «Сен менің көзімнің қарашығысың» деген балама. Осы ағаттық Абай өлеңін қытай тіліне аударғанда да қайталанды:

ироглиф  

Бұл «Көзімнің қарашығы – көңілімнің шам­шырағы» деген мағына береді.

(Абай Құнанбаев. Таңдамалы шығарма­лары. 1-басылым (Қабай аудармасы). Бей­жің: Ұлттар баспасы, 1992. – 149-б.). Дұ­рыс сияқ­ты ма? Жоқ, дұрыс емес. Ау­дар­мамен қазақ ақындары таныс екені анық.

Абай бұл жерде «Көзімнің қарасы» деп көздің – қарашығын айтқан жоқ еді. Көз жанарынан құштарлық нұрын төгілте түскенін, ғашығын көз шуағына шомылта қарағанын айтып еді.

Біртуар ақын «Көзімнің қарасы» деп, көздің қарақаттай мөлдір қаралы­ғын жазғаны жоқ еді. Сұлулыққа құмар, махаббатқа құлар жігіттің жан-тәніндегі ыстық жалынды жанарына жинап, жүрек талпынысын сездіре қарағанын жазып еді.

Абай «Көзімнің қарасы» деп, жарық әлемді өзіне сыйдырар тарыдай ғана көз қарашығын айтпады. Жігіттің жан дертін жанарынан шығара, ғашығына ұмсынған аяулы көзқарасын (қарауын) айтып еді.

Ақын «Көзімнің қарасында» лирикалық «меннің» қызға бір қарай қалғандағы сыртқы бейнесі – тыныш қалыпта көз суарған іңкәр суретті бейнемен салды. Мұнда ақын «менінің» ғашығына қараған көзінің көңіл санасымен тұтасып жатқан құбылысын өзгеше шебер суреттеді. Осы жырды тұтас оқығанда біздің суретші санамызда ғашықтықтан жаралы болған жүректің, ынтызарлыққа күпті көңілдің, сағынған сананың сипатын жинап ғашығына қарай қалған «меннің» жанары ­сипаттала түседі.

абай

«Көзімнің қарасы» – көздің қарашығы емес. Ондағы айтылғаны зат емес, қимыл. «Айжанның ән шырқасы бөлекше шабытта», «Қаратөбелдің аяқ тас­тасы арынды» деген сөйлемдердегі «шырқасы», «тас­та­сыға» ұқсас «қарасы» да қимылдан туындаған сөз.

Біріншіден, қазақта «көзімнің қара­шығы», «көзімнің қарашығындай» деген сөздер бар. Ол теңеулер мағы­насында аяулылықты, қамқорлықты, аса мұқияттықты меңзейді. Біз ақынды көздің қарасын көздің қарашығы мағы­насымен алып, «көңілінің санасын» көздің қарашығындай аяулы сезінді дейік. Онда, осы шумақтың кейінгі екі жолын қай сөзімен қиыстырамыз, қисын қайда? «Көңілінің санасын» (бұл жерде «сана» іңкәр сағыныш деген мағынада болар) «Көзімнің қарашығындай аяу­лы еді», деп бір кетіп, оның үстіне «бітпейтін жара еді» деп тағы киліктіре ме? Немесе, Абай «қарашығы» десе өлеңдік буыннан асып кетіп, ырғаққа түспейтін болған соң, екінші жағынан «санасы» мен «жарасына» ұйқастыру үшін «қарашығы» дегенді «қарасы» деп ала салды демексің бе?

Жоқ, мүлде олай емес. Бұл өлең жазылған тұста (1891) ақындық шеберлігі кемеліне келіп, тіл өнерінің өлең сөз болмысының көңіл мен қимыл келі­сімінің табиғатын теориялық жағынан да әбден мең­герген Абай ауылдың өлеңшілеріндей ұйқас қумаса керек.

Екіншіден, осы өлеңнің «көзімнің қарасы, көңілімнің санасы» деп бас­талуы тегін емес. Ол тұтас өлеңдегі іңкәрлікті ішке тартып, ондағы әрбір сөз бен қимылды ұяңдыққа, әдепке, көзбен ғана оқитын биязы лепке мөлдіретіп, дірілдетіп, ұйытып тұрады.

 Егер «көңіліңізде алаң басылған» (Абай) шабытты бір сәттеріңізге осы өлеңді ішкі жұмсақ, жылы лебіне кенеле оқы­саңыз, не мамырлатып әнге салсаңыз өлең­­дегі үнсіз қарайлаған қос жанар – ынты­зар­лыққа толы жігіт «көзінің қарасы» шы­ғар­маның өн бойынан көз тартады.

Мысалы:

«Көзімнің қарасы

Көңілімнің санасы» (1-шумақта);

«Тереңдеп қарайсың,

Телміріп тұрмайсың» (5-шумақта);

«Қарасаң жан тоймас» (10-шумақта);

«Қалқамның нұсқасын

Көр, көзім, бір кенел» (12-шумақта);

«Боламын көрсем мәз» (13-шумақта);

«Көргенде бой еріп,

Сүйегім балқыған» (15-шумақта);

«Өртенген жүрекке

Бір көрген болар сеп» (18-шумақта).

«Байқап қарасаң» өлеңнің тұтас желісін «меннің» қызға қараумен септеп келе жат­қанын сезесің. «Іштегі ғашықтық жарасы бітпей», «көңіл санасы» ға­шығына қарата береді. «Көрген сайын бойы еріп», «сүйегі балқып», «жанары тоймай» қарайды. Ға­шық­­­тық мастығымен арпа­лысқан сабырлы жігіт. «Өртенген жүрегіне бір көргені де сеп болып» «кө­ңілі кенеліп» сабырын ұстанады.

Енді осы өлеңді зердеге салып, суретке бөліп, таратып оқысаңыз қызды «меннің» әр «қарауы» мен «көруінің» арасы қыз бейнесін сүйіне нұсқалаумен, қыз мінезін табына ­сипаттаумен толады. Сырттай зер салудан, үнсіз көңіл құлатудан туған тұңғиық өлең жігіт жүрегіндегі ғашықтық арпалысын іштей тындыра келе ең соңғы жолдарында да:

«Құдай-ау, бұл көңілім

Күн бар ма бір тынар?», деп өз-өзін тыныштыққа, сабырға шақырып, үн­сіз­ қал­­дырады. Сіз осы сәтте Абайдың «Ғашық­тық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, іш­тен біл», деп басталатын тағы бір өле­­ңін еске алыңыз. Онда да үнсіздік, тіл­сіз сезім, көзбен қарауы мен көруінен ғана бей­не­ле­нетін ішкі ғажайып құбылыс меңзеледі.

Үшінші, «көзімнің қарасы» деген тіркестің біз айтып отырған мағына­сын айқындауға осы бейнеден туған «көзқарас» деген көмескі пәлсапалық ұғымды да дәйекке тартуға жарайды. «Ол қандай көзқараста?», «өзіндік көзқарасың болсын!» деген сөйлем­дегі «көзқарас» пен Абайдың «Көзімнің қара­сын» ептеп жанастыруға болады. М.Әуезов «Көзімнің қарасын» Абайдың шын мәнін­дегі Еуропалық лирикалық деңгейдегі мәдение­ті биік шығармаларынан тыс қалдырып, бұл өлеңді ақынның «шығыстық» үлгідегі шығармаларының қатарына жатқызған еді. М.Мырзахметұлы М.Әуезовтің осы пікіріне сөз жалғап: «Көзімнің қарасы» өлеңінде ғашықтық сезімді «Алланың рахметі» деп тануы немесе қыз бойындағы көз тұндырар сұлулықты «көрік – тәңірі дәулеті» деп ұғы­нудың арғы төркіні шығыс классиктері жыр­лаған ғазелдерден ауысқан белгі ретінде елес береді», дейді («Мұхтар Әуезов және абайтану проб­лемалары», 181-бет).

«Көзімнің қара­сын­да» өлеңнің тұ­тас тұлғасы «мен­нің» ішкі сезіміне құ­ры­латынын бағана «қарауына» байлай баяндап едік. Өлеңде біз ешкімнің де айқайлаған дауысын естігені­міз жоқ. Бәрі де «меннің» көкейінде арпаласып жатқан арман, лапылдаған ынтызарлық. Соның бәрі де сыртқа шықпаған бойда тынып қалып отырады.

Француз Анри Бергсонның сөзімен айтқанда, «Сана шығармаларындағы бізді қызықтырып, өзіне тартатыны – сыртқы дүниеден қолға түспейтін қандай бір түрлі терең тынысты көңіл күй немесе ішкі жан дүниенің тартысы болмақ» (Бергсон 1857–1941 жылдары жасаған. 1928 жылы Нобель сыйлығын алған, әдебиеттегі модерн ағымының көш­бас­шыларының бірі).

«Көзімнің қарасы» деген өлеңнің бірінші жолын жаңсақ ұғынуға не себеп болды дегенге жауап іздейік. Өлеңнің бірінші жолы ол – талайдан сөзге айналмай, көкейде шай­қал­ған сұрапыл шабыттың бастау сөзі. Ол белгісіздіктегі сезімдердің жырға құйылар сәттегі алғашқы тамшысы – серке сөзі. Көңіл тоқтатпай жеңіл аттап өтетін табалдырық емес.

Абай шығармалары ойға жеңіл болған емес. Абай «жеңілдік» туралы айтты, онда тек тілге жеңіл болуын ғана дәріптеді. Абай шығармаларының оңай жатталып қалатыны сол «тілге жеңіл» келгенінен; Көрер көзге оңай жазылғандай өз-өзінен қиысып, ұйқасып тұрғандай болғанынан. Негізі ол – ақындық шеберліктің шыңы. Көп адамның Абайды жаттап алып, шы­ғар­маның шын мәніндегі қасиетіне жет­пей жүретіні, түсінбей жүргенін өздері де байқамайтыны абай өлеңдеріндегі тілге жеңілдіктің қасиеті.

 Біз сөз етіп отырған «Көзімнің қарасы» өлеңінің бірінші шумағындағы тыныс белгі Абай шығармалары қаншама қайта басылғанда да дұрыс­тап қойылмаған. Бұл да Абай шығармаларын зерт­теушілердің осы сөздің мәнін дәп баспағанынан немесе Абай шығармаларына ден қоюымыздың жеткіліксіздігінен.

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі

Ғашықтық жарасы. Алдыңғы екі жолдың соңына қойылған үтірлер екі жолды бір-біріне қиыстырмай, жарыстырып, қатар жіберген. Содан да бір шумақтағы төрт жол қисын таппай, дәл мағынасынан шеттеп тұр. Өлеңнің дәл мағынасын түсінуге ол да кесірін тигізген.

Заты, осы шумақтың соңғы үш тармағы да алдыңғы жолдың (бейне­сін) мәнін аша, айқындай түсудің қамында. Ендеше, біз тыныс белгіні былайша қояр едік:

«Көзімнің қарасы –

көңілімнің санасы:

бітпейді іштегі

ғашықтық жарасы».

Әрине, Абай өлеңдері – әр оқушының, не зертеушінің «Мен білеміне» келе бермейтін, талдауға таусылмас қазына.

* * *

1990 жылы Мексика ақыны Октавио Пас Нобель сыйлығын алған Швециядағы салтанатта мына бір өлеңін оқыды:

Мен көру мен тіл қатудың,

Тіл қату мен үнсіздіктің,

Үнсіздік пен қиялымның

Қиялым мен ұмытудың арасында... (қытай­шасы­нан сөзбе-сөз аударылды).

Өлеңнің монологі сияқтанған осынау бір шумақты бүгінгі дүние әдебиеті­нің тынысы дегенге дау болмас. Абайдың «Көзім­­нің қарасының» тұтас қасиеті Пас­тың осы өлеңіндегі ойларға арғы ғасырдан келіп тұтасып, жарыса кеткендей.

Сіз ерінбей Пастың осы бір шумағы мен «Көзім­нің қарасының» бірінші шумағын қатар қойып көріңізші. Екеуі екі ғасырда, екі заманда жазылғанына қарамастан, бір кісінің шығармасындай, бір деңгейлі сезімнің тізгінін ұстап қатар көсілген шумақтар. Пастың шумағын­да өлең өзін «көрудің, тіл қатудың, үн­сіздіктің, қиялдың, ұмытудың арасындамын», деп ишарат етеді. Ал «Көзімнің қарасында» өлең қараудың, көрудің, қиялдың тіл қатуға жетпеген тұсынан ойға ұсталады.

Өлеңдегі сыртқы пішінді болмаса, ой мен сезімді «батысша» мен «шығыс­шаға» бөлу бірер мақаланың қарымы көтерер жүк емес. Бұл жерде көңілге қиғаш кел­гені «шығысшаны» «батысшадан» төмен деңгейде қалдырып, «Көзімнің қара­сын» шығысшаға қосқан жай.

«Абай жырды құрметтеп,

ырза етейін дегенде,

Жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.

Фрак жапты жырға асыл,

жырласа сол жырласын.

Өзі киген күпіні кигізген жоқ өлеңге…»

Жұмекен ғой. «Күллі әлемдік дең­гейде» дей ме? Дәл солай!

 

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,

ақын, қоғам қайраткері 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025