
Кейіннен ақынның мерейтойына арналған іс-шара «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кешке ұласты. Әдеби-мәдени кеште алғаш сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып, іргесін ауылдан алыстатпаған ақынға құрмет көрсетті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов сөз алып, Шырын Мамасерікованы 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Шырын апайды жас кезімнен білемін. Шырын Бөкейқызы Алматыға ат басын бұрғанда, тұтас ауыл көшіп келгендей болатын. Ауылда тұрып, тамаша өлеңдер жаза білді. Алматыдағы ақындарды сол өлеңдерімен мойындатты. Сізге ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілеймін», деді одақ төрағасы.
Ән-жырмен әдіптелген шығармашылық кеш барысында айтулы ақынның інілері мен сіңлілері, қаламдас бауырлары ақжарма тілектерін аяп қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Шырын Мамасерікова әріптестерінің де, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің де ыстық ықыласына бөленді.
Шығармашылық кеш соңында сөз алған Шырын Мамасерікова құрмет көрсеткен азаматтардың барлығына ризашылығын жеткізді. Тағдырдың түрлі сынақтарына төзе білген ақын алдағы уақытта да Меркісінен алыстамай, тамаша өлеңдер жазуға уәде етті.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы