Алматы • Кеше

ХҚКО-лардағы заңды белден басу қалай бақыланады

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қалалық Әділет департаменті 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген бақылау, қадағалау жұмыстарының қорытындысын жариялады. Тексеру барысында нотариус, адвокат, құқықтық кеңес берушілер мен әсіресе, Халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынатын мемлекеттік қызметтердің сапасы басты назарда болған. Ал статистика бақылаудың күшейіп, азаматтардың шағымдары да белсенді түрде қаралып, заңды белден басудың жолы кесіле бастағанын көрсетеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық Әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаева осылай деді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ХҚКО-лардағы заңды белден басу қалай бақыланады

фото: gov.kz

Алматыда қазір 964 нотариус жұмыс істейді. Алайда олардың бәрі бірдей заңды сақтай бермейді. Мәселен, биылғы жылдың алты айында нотариустардың әрекетіне қатысты 419 шағым түскен. Оның 27-сі расталған. 4 нотариустың лицензиясы тоқтатылып, тағы 8 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Лицензиядан айыру туралы іс қозғалып, нотариустардың өз өтініші бойынша лицензиясын тоқтатқан. Ал бір нотариус соттың шешімімен лицензиясынан айырылғанымен, бұл шешім әлі күшіне мінген жоқ.
Сонымен қатар, нотариустардың 23-іне нотариалдық қызметтерді орындау барысында заң бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Былтыр мұндай істің саны 18 болған.
Алматыда адвокаттар саны сол күйі 1100 адам болып қалды. Оларға бар болғаны 11-ақ шағым түскенімен, біреуіне тәртіптік жаза қолданылды. Жеке сот шешімі бойынша тағы бір адвокат айыпталып, сөгіс алды, бір іс заң бұзбағанына байланысты тоқтатылды. Сот шешімімен үш адвокат лицензиясынан айырылып, тағы екі адвокат басқадай себептермен қызметін тоқтатты.

Құқықтық кеңестерге қатысты 75 шағым түсіп, оның 3-і ғана расталды. Ескерту, сөгіс беріліп, бір кеңесші Палатадан шығарылды. Жеке сот шешімі бойынша тағы үш заң кеңесшісі жауапкершілікке тартылып, біреуі ұйымның мүшелігінен шығарылды.
Бақылау жұмыстары халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін де қамтып отыр. Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарына бірнеше жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның біреуі жылжымайтын мүлік тіркеу саласына қатысты болып, 106 заң бұзу анықталды. Материалдар тіркеу органына жіберіліп, кемшіліктерді жойып, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету талап етілді. Азаматтық жағдай актілерін тіркеу бойынша да осындай тексеру жүргізілді. Бұл салада бұзушылық аз, бар болғаны бесеу.

Жалпы алғанда, бақылау органдары құқықтық қызметтердің сапасы мен тіркеу рәсімдерін бақылауды күшейтіп келеді. Әрбір заң бұзушылыққа ескерту мен сөгістен беруден бастап лицензиядан айыруға дейінгі шара қолданылады. Бұл заңгерлерге ғана емес, құқық саласында жұмыс істейтін барлық мамандарға ескерту болып отыр.