Әлем • Кеше

Трамп бірқатар елмен сауда келісіміне қол қойды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамызға жоспарланған жаңа тарифтер енгізілмей тұрып, бірнеше мемлекетпен сауда келісімдеріне қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Трамп бірқатар елмен сауда келісіміне қол қойды

Фото: Ашық дереккөз

Атап айтқанда, ол Оңтүстік Корея, Таиланд, Камбоджа және Пәкістанмен әріптестік орнатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, Трамп Үндістан мен Бразилиядан импортталатын тауарларға баж салығын енгізетінін жариялады.

Оңтүстік Кореямен келісім

Сеул АҚШ экономикасына 350 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюға және америкалық энергия ресурстарын 100 миллиард долларға сатып алуға келіскен. Екі ел арасындағы келісімде АҚШ-қа кедендік баж салынбайтыны, ал Оңтүстік Корея америкалық көлік, ауылшаруашылық техникасы және басқа да өнімдерді қабылдайтыны айтылған.

Таиланд пен Камбоджамен сауда

Вашингтон Таиланд және Камбоджамен де жаңа сауда келісімдерге қол жеткізді. Бұл келісімдер туралы толық ақпарат әлі жарияланған жоқ. Дегенмен Трамп өз делдалдығы нәтижесінде екі ел арасында бейбіт келісім орнап, қақтығыстың алдын алғанын мәлімдеді.

Пәкістанмен ынтымақтастық

Пәкістанмен жасалған келісімге сәйкес, АҚШ аталған елдегі ірі мұнай қорларын бірлесіп игеруге қатысады. Қазір бұл жобаны жүзеге асыратын америкалық мұнай компаниясы таңдалып жатыр.

Үндістан мен Бразилияға қарсы тарифтер

Трамп Үндістанға 1 тамыздан бастап 25% кедендік баж салығы енгізілетінін хабарлады. Ол Үндістанның жоғары тарифтері мен сауда кедергілерін сынға алып, Вашингтон мен Дели арасындағы сауданың шектеулі екенін айтты.

Сол сияқты, Бразилиядан келетін импортқа салынатын баж салығы 10%-дан 50%-ға дейін көтерілді. Бұл шешім елдің бұрынғы президенті Жаир Болсонаруға қатысты іс-шараларға байланысты қабылданған. АҚШ билігі бұл процестің саяси астары барын меңзеді.