Қоғам • Кеше

Қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытын қолдайды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылдың маусым айында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытына оң баға беріп отыр. Қоғамдық саясат институты 18 маусым мен 4 шілде аралығында өткізген сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің 79,4%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандықтардың көпшілігі елдің даму бағытын қолдайды

Зерттеу қоғамда елдің даму жолына қатысты тұтастық пен тұрақтылықтың сақталғанын көрсетеді. Қоғамдағы әлеуметтік көңіл-күйдің орнықтылығы мен сенімділік деңгейінің жоғары болуы елдегі экономикалық және саяси процестерге оң баға берудің көрінісі ретінде бағаланады.

Әлеуметтік-экономикалық жағдайға респонденттердің 73,6%-ы оң баға берген. Бұл — халық арасында қазіргі жағдайға қатысты көзқарастардың тұрақталғанын білдіреді.

Саяси ахуал да тұрғындар тарапынан оң қабылданған: сауалнамаға қатысқандардың 76,2%-ы қазіргі саяси жағдайға қанағаттанатындарын жеткізген.

Мұндай оң пікірлер ЖІӨ өсімі, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен көлік инфрақұрылымын жаңғырту сияқты бірқатар факторлардың жиынтығымен байланысты. Атап айтқанда, ел экономикасының 6%-ға өсуі, жаңа мектептер мен ауруханалар сияқты әлеуметтік нысандардың ашылуы, жол жөндеу және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарының жүргізілуі – қоғам тарапынан оң бағалардың артуына себеп болып отыр.

Сауалнама 18 жастан асқан 2000 азаматтың қатысуымен, ұлттық репрезентативті іріктеме бойынша жүргізілген. Іріктеменің ықтимал статистикалық қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.