Оқиға • Кеше

Қызылорда облысында 200-ден астам адамға рақымшылық жасалады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында ер адам жазасының аяқталуына бес ай қалғанда бостандыққа шықты. Бұл  Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистия туралы заң аясында жүзеге асырылған шаралардың бірі. Алғашқы сотталғандар Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №60 мекемеден босатылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысында 200-ден астам адамға рақымшылық жасалады

Фото: Ашық дереккөз

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бостандыққа шыққан 55 жастағы ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.

«Қателігімді түсіндім. Ересек жаста шалыс басқаныма өкінемін. Енді отбасымның қасына оралып, балаларымды тәрбиелеп, кінәмді өтеуге тырысамын. Осы уақыт ішінде босқа кеткен сәттер көп болды. Рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққаныма қуаныштымын», деген ол.

Бұған дейін №37 мекемеден де 3 адам, сондай-ақ пробациялық есепте тұрған 15 адам босатылғаны атап өтілді.

Жалпы, амнистия туралы заң Қызылорда облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 200-ден астам сотталған азаматқа қолданылатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін рақымшылық аясында Ұлытау облысында да алғашқы сотталғандар бостандыққа шығарылған болатын.