Басылым • Кеше

Басқа басылымдардан: Мұнай көлемін арттыру жайы талқыланды

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Анкарада Режеп Тайип Ердоған мен Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Ердоған кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Түркия арқылы әлемдік нарыққа тасымалданатын қазақ мұнайының көлемін арттыру жолдарын талқылағанын айтты.

Басқа басылымдардан: Мұнай көлемін арттыру жайы талқыланды

Сондай-ақ ол Түркия мен Қазақстанның қорғаныс, энергетика, сауда және лаңкестікке қарсы күрес сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастығын кеңейтуді мақсат етіп отырғанын атап өтті.

Ердоғанның айтуынша, екі көшбасшы әскери және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге арналған нақты жобаларды және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен лаңкестік ұйымдарға қарсы күресті талқылаған.

Қазір Түркия Қазақстанға шамамен 5 млрд доллар инвестициялаған, ал Қазақстанның Түркиядағы инвес­тициясы 1,5 млрд долларға жеткен. Түрік мердігерлері Қазақстанда осы уақытқа дейін жалпы құны 30 млрд доллардан асатын 500-ден аса жобаны іске асырған.

Қ.Тоқаев Қазақстанның Түркиямен сауда айналымы 2 млрд доллардан асқанын айтты. «Біз түрік компанияларына Қазақстанның теміржол жүйесін жаңарту және Каспий теңізіндегі теңіз саудасын жандандыру үшін арнайы жеңілдіктер ұсынуға дайынбыз», деді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев энергетика саласына қатысты 1,4 млн тонна қазақстандық мұнай Түркияға Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы жеткізілетінін айтты.

 

анадолу

Ақпараттық технологияны өрістетеді

«Біз ақпараттық техноло­гияларды бірлесіп дамыту мәсе­лесіне ерекше мән бердік», деді Қ.Тоқаев Анкара­да түрік әріптесі Режеп Тайип Ердоғанмен бірлескен баспасөз мәслихатында.

Түркияның қорғаныс саласында айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін айтқан Қ.Тоқаев Ердоғанды Түркияның мегаполисі Ыстанбұлда 22–27 шілдеде өткен ХVІІ Халық­аралық қорғаныс өнеркәсібі жәрмеңкесін (IDEF 2025) ұйымдастыруымен құттықтады. Одан әрі ол Қазақстанның IT саласында да табысқа қол жеткізгенін және бұл тұрғыда Астана айтарлықтай жұмыс атқарғанын айтты.

Қ.Тоқаев қазіргі жағдайда екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, қазақ халқы өзінің әріптесін және Ердоғанның басшылығымен өзінің алтын дәуірін бастан өткеріп жатқан Түркияны шын жүректен құрметтейтінін айтты.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев Ердоғанмен маңызды жаһандық мәселелер бойынша да пікір алмасқанын және әлемдегі қақтығыстарға алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді. Келіспеушіліктер мен қақтығыстар дипломатия арқылы шешілуі керектігін білдірген Тоқаев Түркияның Ресей мен Украинаға қатысты рөлін жоғары бағалады. Ол Түркия Президентін Қазақстанға шақырып: «Екі ел арасындағы достық мәңгілік болып, ынтымақтастығымыз одан әрі арта берсін», деген тілегін білдірді.

 

дипломат

Ынтымақтастықты арттыратын кезең

Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні Түркияға ресми сапармен келді. Бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың 33 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі кезең түрлі саладағы ынтымақтастықты арттыруға серпін беретін маңызды кезең дейді сарапшылар.

Түркия мен Қазақстан көлік, энергетика, қорғаныс, ауыл шаруашылығы, бұқаралық ақпарат құралдары, сауда және мәдени алмасу салаларындағы ынтымақтастықты жақсартуға уағдаласты. Сонымен қатар көшбасшылар Транскаспий халықаралық көлік бағыты ретінде белгілі Орта дәліз арқылы байланысты нығайтуға келісті.

1991 жылы кеңес одағы ыдырағаннан кейін Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындады. 1992 жылы ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 2009 жылы ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке, ал 2022 жылы одан әрі кеңейтілген стратегиялық серіктестікке көтерілді.

Президенттердің Қазақстаннан Түркияға 20-ға жуық ресми сапарының арқасында екі ел жылдар бойы тығыз саяси және экономикалық байланыстарды сақтап қалды. Қ.Тоқаев 2019 жылы билікке келгеннен бері Ердоған­мен 14 рет кездескен. Екі ел де ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сияқты ұйымдарға белсенді түрде қатысады және Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы мүше мемлекеттер.

Экономикамен қатар білім саласындағы қарым-қатынастар да өркендеп келеді. 2024–2025 оқу жылында 300 шәкіртақы бөлініп, 12 мыңнан аса қазақстандық студент Түркия университеттерінде білім алып жатыр.

Сонымен қатар туризм дамып келеді. 2023 жылы Қазақстанға 130 мың түрік, ал Түркияға 863 мың қазақстандық турист келді. Қазақстан туризм мен бизнесті одан әрі дамыту мақсатында түрік азаматтарына виза мерзімін 30 күннен 90 күнге дейін ұзартты.