
Сурет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сайтынан алынды
Шина елге де, экпортқа да шығып жатыр
Зауыттың жылына 3 млн жеңіл және 500 мың жүк көлігіне арналған шина шығаратын қауқары бар. Былтыр маусымда «Attar» брендінің жеңіл автокөліктеріне арналған шиналардың сериялық өндірісі жолға қойылды. Жеңіл автокөліктер мен жол талғамайтын темір тұлпарға арналған қос модельді шина әзірленді. Мұнымен қоса қысқы шинаның да түрлерін шығар-ды. Өндіріс басшылары зауыт ашылғалы бері 450 мың шина шығарылғанын айтады. Жыл соңына дейін алғашқы бір миллиондық межені бағындыруды жоспарлап отыр. 2028 жылға қарай зауыт қуатын 7 млн шинаға дейін арттыру көзделген.
Өндіріс реттілігі 5 кезеңді қамтиды. Алғашқыда әртүрлі шикізат түрінен резеңке қоспалар әзірленеді. Сосын сапалы шинаның жабдықтары (маталы корд, брекер, протектор) дайындалады. Одан кейін барлығы жинақталып, шина қалыбына келгенде оны вулканизациялау үдерісі жүреді. Күрделі қалыптау амалдары арнаулы қалыпта жоғары қысым мен белгілі бір температурада жүзеге асырылады. Осылайша, резеңке қоспасы өз қасиеттерін өзгертіп, қажетті протектор мен бүйірлік бөліктердің суретімен соңғы пішіні шығады. Соңында дайын өнім өте мұқият тексерістен өтеді.
«Шина құрылымы 7 негізгі элементтен тұрады. Гермоқабат өнімнің герметикалығын қамтамасыз етіп, ауаның сыртқа шығуына жол бермейді. Борттық сақиналар мен қанатшалар шина мен дөңгелек дискісінің дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Келесі элемент – бүйірлік бөліктер, осы арада барлық жазу айқын оқылып, көрінеді. Одан кейін қабаттасып орналасқан каркас екі түрге бөлінеді: маталы және металды (брекер). Негізгі міндеті – шинаны механикалық зақымданудан мейлінше қорғау. Соңғы элементі – протектор. Осы жетілген 7 элементтің әрқайсысы арнайы жабдық қалыбында өндіріледі», дейді «Tengri Tyres» ЖШС директорының өндіріс және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Максим Белявский.
Былтыр жазда «Attar» шиналарының Ресейге алғашқы жеткізілімдері басталған. Таяуда 900 шина Қостанайдағы «Allur» кәсіпорнына жіберіліпті. Енді 205/55 R16 мөлшерлі «Attar S01» модельді жаздық шиналар отандық жеңіл автокөліктердің дөңгелегіне тағылады. Сөйтіп, бұған дейін тек шетелдік шина тағынған темір тұлпарлар енді толықтай отандық өніммен қамтыла бастайды.
«Artel»-ден «Samsung»-қа дейін
Саран индустриялық аймағында орналасқан «Silk Road Electronics» кәсіпорны тұрмыстық техника шығарумен айналысады. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс аймағында түрлі цех жұмыстары ретімен жолға қойылған. Оның ішінде эмальдау мен ұнтақты бояу цехы, термопласт-автомат цехы секілді өндірістің негізгі күшін құрайтын аймақ бар. Кәсіпорын «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаңсорғыш, асүй тоқпеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұрмыстық техника түрлерін шығарады. Қазірге дейін 280 мыңнан аса техника саудаланып үлгерген.
«Компания – еліміздегі тұрмыстық техника шығаратын жалғыз өндіріс орны. Алдымызда үлкен меже бар. Құрылысты аяқтағанымызға көп бола қойған жоқ. Ескірген ғимаратты қайта қалпына келтіруге, зауытты заманауи қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге көп күш жұмсадық. Саудаға кіріскенімізге екінші жыл болды. Алғашқы көрсеткішіміз жаман емес. Біздің өнім құны сырттан әкелетін тұрмыстық бұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сапасына да баса мән береміз. Ірі сауда нүктелерінен бөлек, интернет арқылы да сауданы күшейтіп жатырмыз. Әсіресе «Kaspi.kz» қосымшасы секілді онлайн сауда платформаларын тиімді пайдаланамыз. Сату бөлімі менеджерлерінің біліктілігі арқасында өнімдерді ТМД елдеріне де экспорттаймыз. Бұл – компанияның алға қойған басты мақсаттарының бірі. Егер шетел нарығына шықсақ, онда кәсіпорнымыз мол табысқа кенеліп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады», дейді «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Александр Критский.
Былтыр «Silk Road Electronics» және «Samsung Electronics» отандық кәсіпорында теледидар өндірісін бастау туралы келісімге қол қойды. Биыл жабдықты орнату, персоналды оқыту және сапаны бақылау жүйесін орнату секілді дайындық жұмыстары жүргізілді. Желі тамыз айында толық іске қосылмақ. Көктемде компаниялар «SmartThings» цифрлық платформасына біріктірілген «Samsung» автоматты кір жуғыш машиналарын шығару туралы жаңа келісімге қол қойды. Жыл соңына қарай өндіріс іске қосылады.
«Біздің компания әлемдік нарыққа энергияға тиімді, пайдалануға өте ыңғайлы тұрмыстық техниканы шығарып жатыр. Қызметкерлеріміз өндіріс кезінде техникалық инновациялардың игілігін кәдеге жаратуға ұмтылады. Өнім көпшілік талғамынан шығып, көзге тартымды көріну үшін дизайнына да ерекше мән береміз. Әлемдік бренд қалыптастыру мақсатында тәжірибемізді әрдайым толықтырып, ізденістен қол үзбейміз», дейді серіктестік басшысы.
Алып компанияға айналады
«QazTehna» ЖШС – автобус құрастырумен аты шыққан компания. Бес жылдың ішінде Қарағанды автопаркін ғана жаңартқан жоқ, Астана, Шымкент, Алматы және басқа да қалаларға автобус құрастырып беріп отыр. Күніне 4-5 автобус жолға шығады. Осы уақыт ішінде шамамен 6 000 автобус пен 3 500-ге жуық арнайы және жүк техникасын өндірген.
«Қазір біздің зауыт екі негізгі бағытта жұмыс істейді: бірі – жолаушылар тасымалына арналған автобустар, екіншісі – төтенше жағдайлар қызметі мен Ішкі істер министрлігіне арналған арнайы техника. Барлық техника елде құрастырылып, дайын өнім ретінде шығарылады. Әрбір бөлшек, әрбір компонент өндірістік тізбекте өз орнын тауып, нақты стандартқа сай жасалады», дейді зауыттың техникалық даму жөніндегі директоры Әділ Шайкемелов.
Елімізде автокомпоненттер базасын жасайтын кәсіпорындар жоқтың қасы. Сондықтан бұл бағытты өздері қолға алып, жергілікті өндірісті дамытуға бет бұрмақшы. «Қазірдің өзінде аккумулятор батареялары, сымдар, кейбір бөлшектер ел ішінде өндіріліп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы бағытты кеңейтуге талпынып жатырмыз» дейді директор.
Зауыттың маңызды жобаларының бірі – штамповкалық өндірісті іске қосу. Бұл жоба аясында 2026 жылдан бастап автобустардың қаңқалық бөлшектері шанақтың алдыңғы, артқы және бүйір бөліктері, төбе элементтері елде өндірілмек.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ пен 55 индустриялық аймақ жұмыс істейді.
«Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауыты жақын күндері «Samsung» теледидарларын шығара бастайды. Бұл – халықаралық серіктестік аясындағы үлкен жетістік. Ал «QazTehna» былтыр 1 400 автобус өндіріп, елдегі жалпы сұраныстың жартысын өтеді», дейді министр Ерсайын Нағаспаев.