Соның бірі – сүт өнімдерін шығаратын «Лидер-2010». Кәсіпорынның заңгері Арман Молдағазиннің айтуынша, өңірде ақылы жолдар пайда болғалы зауыттың көлік тасымалына кететін шығыны да біршама өсіп кеткен. Бүгінде Қостанай облысында екі ақылы жол жұмыс істеп тұр. Оның бірі – ұзындығы 163 шақырым болатын, облыс орталығынан Тройцкіге қарай шығатын Ресей шекарасына дейінгі жол. Екіншісі – Қостанайдан Денисовке дейін апаратын 151 шақырымдық жол. Аталған екі бағытқа да ақылы жолды айналып өтетін балама жолдармен де шығуға болады.
«Алайда айналма маршрут жолды 300 шақырымнан аса ұзартып жібереді. Яғни тегін жолдар экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне, айналма жолмен жүретін болсақ, біздің кәсіпорын сүт сатып алатын, дайын өнім жеткізетін елді мекендердің біразы бұрыннан қалыптасқан логистикалық желіден тыс қалып қояды», дейді кәсіпорын заңгері.
Жоба аясында өңірде нан, жұмыртқа, сүт өнімдері тәрізді халыққа күнделікті қажет тауарларды шығарумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың тізімі жасалады. Сондай-ақ аталған кәсіпорындар күнделікті тауар таситын ақылы жолдар анықталып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстағы филиалына жіберіледі. Кейін бұл мәліметтер жан-жақты талданып, зерделенеді.
Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаевтың айтуынша, мониторинг жұмысының нәтижесі ақылы жол төлемдерінің мөлшері бекітілген нормативтік актілерді өзгертуге негіз болуы мүмкін.
«Жобаның басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерді тасымалдайтын кәсіпорындар үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ жол шығындарының түпкілікті бағаға әсерін азайту» дейді кәсіпкерлер палатасы филиалының басшысы.
Қостанай облысы