
Кешегі қилы заманда Зередей зерделі де зерек әжеден аңыз-әпсана, жыр-дастан тыңдап өскен бала Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәлімін алған Шоқан шоқтығы биік зерттеуші, білігі терең сардар болып жетілді. Айсәуледей ана мектебінен – Әбіш Кекілбайұлы, Айшадай ана мектебінен – Шерхан Мұртаза шығып, біздің заманның классикалық әдебиет қамалын, қайраткерлік амалын бекемдеді.
Иә, жауапты анадан дана әже қалыптасады. Қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі ел қорғаны болған азаматының шаңырағының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Ұлы даланың айнымас осы заңы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, қалайша бұлжымай орындалған? Әрине, бір қауым елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, әр ісінен имандылық төгілген әже тәлімімен, ана әлдиімен, әке қайратымен перзент санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіп шыққан. Бұл ретте «айналайыны» аузынан түспейтін әже орны бөлек.
Әже – әулеттің анасы, отбасы ұйытқысы, береке мен бірлікті, еңбек пен тірлікті үйлестіретін тұлға. Үрім-бұтағына дәстүр құндылықтарын құндақтайтын жан. Жеті ата аманаты, қан мен жан тазалығы – әже тәрбиесінің арқауы.
Ол – отбасы-әулеттің алтын қазығы. Біріншіден, әже айналып-толғанған, мейірім-махаббатқа бөлеген бала эмоционалдық күйі мен сана-сезімі толық болып қалыптасады. Екіншіден, әжесінің шалғайына жармасып жүріп, үлкендердің өнегелі әңгімесін, тарихтан шерткен сырларын, шежірелерін, ескілікті ән-жырларын тыңдаған ұл-қыздың ой-өрісі тез жетіледі. Үшіншіден, әжесі бар шаңырақта үлкенге құрмет үзілмейді, ата-баба аруағы ұмытылмайды, қонақ көп келеді, дастарқан жиылмайды, сондықтан бақ-береке тұрақтайды, ұл мен келіннің татулығы, қонақжайлығы артады, немерелері мейірлі де пейілді болады. Төртіншіден, жасы келген сайын жүріп-тұруы қиындайтын әжесінің жұмсауымен бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш болып жетіледі. Қыз баласы әжесінің қолөнерін қағып алып, ісмерлікке бейімделеді. Әжесін жақсы көріп өскен ұлдың өз отбасында әйел баласына қамқорлығы артып, азаматтық орнын төмендетпейді, сондай-ақ ешкімнен ықпайды, өжет, рухты болып ержетеді. Қай қоғамға да қажет батырлық, парасаттық солай қалыптасады. Ұлт құндылығының қайнар көзі – әжелердің тәрбие мектебі деген осы.
Қайта түлеген Түркістан облысы қоғамдағы атаның да (ол бөлек әңгіме), әженің де лайықты мәртебесін орнықтыру мақсатында біраз кешенді жұмыс атқарып келеді. Мысалы, 2013 жылы 3 сәуірде іргесі қаланған «Әжелер алқасы» жұмысы аз уақытта-ақ жемісін бере бастады. Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды ұлы бабалардың мұратын басшылыққа алған алқа ұрпақтар сабақтастығын жаңа заманға сай дамытып, қызметінде Президент Қ.К.Тоқаев анықтап берген Әділетті Қазақстан құндылықтарын басшылыққа алады. Жұмыстың өзегі – адал еңбек, заң мен тәртіп, пікір мен істе тазалық. «Таза Қазақстанды» кең мағынада түсіну.
Енді «Әжелер алқасының» негізгі жұмыс бағытына келейік:
1) Әділет жолындағы отаншыл, елшіл ұрпақ қалыптастыруда аға буынның өмір тәжірибесін қолдану;
2) Ұмыт болып бара жатқан ұлт салт-дәстүрлерін жандандыру;
3) Шаңырақ көтеру, отбасы болудың адами, жауапты жолын, шараларын насихаттау;
4) Ана мен баланы қорғау, отбасында ананың рөлі, әкенің орны, ене мен келін арасындағы сыйластық туралы кездесулер, сырласулар, кештер ұйымдастыру;
5) Қыз тәрбиесі, олардың білімі мен жауапкершілігі туралы, әйел затына, жарға құрмет этикеті жөнінде қоғамдық шараларды жандандыру;
6) Еңбекке, кәсіпке баулу бойынша аға буынның білім ордаларында тәрбие сағаттары мен шеберлік сыныптарын өткізу.
Құрылым Түркістан облысының барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі жанынан, ірі 528 елді мекендерде құрылып, жүйелі жұмыс атқарып, ортақ іске 75 мыңға жуық әже мен ананы тартты.
2023 жылы ұйымның 10 жылдығына орай барлық аудан мен қалада «Әже – ұлт ұйытқысы» атты шара өтіп, ол сол жылдың 22 қарашасында Түркістанда «Аялы әже» форумымен қорытындыланды. Салтанатты жиынға облыс, орталық кеңес басшылары, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, басқа да зиялы қауым өкілдері, осы құрылым қайраткерлері, мектеп басшылары мен ұстаздар, жастар мен оқушылар қатысты.
«Әжелер алқасының» елеулі еңбегі қатарында «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар», т.б. елдік шараларды, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітап, жинақтарды атай аламыз.
Мемлекет басшысы 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Облысымыздың «Әжелер алқасы» Президенттің Құрылтай мен халыққа Жолдауындағы тұжырымдамаларын басшылыққа алып, арда ұл, иманды қыз тәрбиелеуге еңбек сіңіріп келеді.
«Аялы әже» форумындағы «Әже өсиеті» атты театрландырылған көрініс пен «Әжелер алқасы» – 10 жыл белесінде» атты бейнематериал Түркістанның тәрбиелік деңгейін көрсетті. Осында белді мүшелерге, көпбалалы әжелер мен аналарға лайықты құрмет көрсетілуі сәтті шықты. Сондай жүрегі кең, пейілі дария аяулы жанның бірі – 13 бала асырап, бір мезетте 8 бесік тербеткен кентаулық Гүлжахан Керімбайқызының бас жүлдеге ие болуы жұртшылықтың жанын жадыратты. Өнері мен еңбегі елеулі еткен Лиза Шәмет, Гүлбала Сәрсенова марапаты да әріптестерін қуантты. Форумдағы «Парасатты әжелер», «Ұлағатты әжелер», «Іскер әжелер», «Салт-дәстүрге жанашыр әжелер», «Жаңашыл әжелер» аталымы жеңімпаздарына табысталған «Дәнекер әже», «Үлгілі әже», «Шебер әже», «Іскер әже», «Ынталы әже», «Өнерлі әже», «Би падишасы», «Күміс көмей» марапаты өңір мерейін асырды.
«Сабақты ине сәтімен» деген, іргелі шараның нәтижесінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты, Еңбек ері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен «Әжелер алқасы» еліміздің барлық аймағында құрылды. Түркістан үлгісімен барша өңірде «Аялы әже» форумы өткізіліп, облысаралық эстафетаның рәмізі ретінде «Аялы әже» мүсін-таңбасы жасалды. 2025 жылы эстафета Әулиеата өңіріне, киелі Айша бибі анамыздың бүгінгі ұрпақтарына табысталды.
Жалпы, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі кең-байтақ жеріміздің қай түкпірін алсаңыз да кие мен қасиет тұнып тұр. Республика бойынша 176 аудан мен 58 қала, тіпті ауылдық округтер өз «Әжелер алқасын» құрып, қоғамдық жұмысты бастап кеткенін көріп қуандық. Ананың әлдиі мен әженің бесік жырына сусап қалған халық өзінің қайнар бастауына шынайы ұмтылғанын көрдік. Бұл – оң үдеріс, өресі биік өзгеріс.
Осы істе талай тарланды қанаттандырған Атырау, асыл дүлдүлдерді шығарған Абай, сырлы да жырлы Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағаларының еңбегін ерекше айтуды жөн санаймын. Ірге көтергеннен бергі бір жылдың ішінде ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, өнерпаз да ісмер әжелердің бар өнерін, даналығы мен өмір өнегесін жас ұрпақтың бойына дарыту, ұлттық салт-дәстүр үлгілерін насихаттау бағытындағы іс-шараларды үйлестірген бұл ұйым бүгінде ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау, кітапхана, полиция бөлімдерімен тығыз байланыс орнатып, жақсылықтың жаршысы, жамандықтың алдын алушысы болып отыр.
Мұндай іс-шара Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында, жалпы еліміздің барлық өңірінде жауапты деңгейде өтіп, дүйім жұртты дүр сілкіндіргені ортақ ісіміздің игілігін, берекесін көрсетеді.
Рас, ата-әже ұрпаққа жауапты, саналы ұрпақ бүгін де, ертең де ұлтқа жауапты. Шымкент шаһарында өткен форумда жасы 90-ға таяған әженің бір сөзі, ақ батасы есімізде қалды: «Айналайындар, «Аяулы әжелерің» түнде темір қазықтай, күндіз жарқыраған күндей елімізді жақсылыққа бастасын. Ұл-қыздарымыз әлемнің биіктерін бағындырсын! Елде де, сыртта да «қазақтың баласы» деген атқа дақ түсірмесін!».
Түркістан – тарихқа да, рухани түлеуге де жауапты қасиетті мекен. Ұлт дәстүрі мен халықтық тәрбиені жандандыруды көздеген ақсақалдар мен аялы әжелер өкілдерін өңір басшысы Нұралхан Көшеров қабылдап, жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі республикалық орталық басшылығымен бірге осы елдік жобаны әлі де салаландыруды көздейді. Қазыналы қартының батасымен көгерген, шаңырағы биік, керегесі кең, іргесі мықты еліміздің шығар асуы биік болғай!
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы