Қазақстан • Кеше

Елімізде этносаралық қатынастар тұрақты

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 95%-дан астам респондент елдегі этносаралық қатынастарды тұрақты әрі қолайлы деп сипаттаған, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде этносаралық қатынастар тұрақты

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде жыл басынан бері өңірлерде ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қатысуымен азаматтардың құқықтық және этносаяси сауаттылығын арттыруға бағытталған 2000-нан астам оқыту және алдын алу іс-шарасы өткізілген.

Этномедиация институтын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Елімізде кәсіби медиаторлар, заңгерлер, педагогтар, психологтар, дінтанушылар, журналистер және қоғам белсенділері кіретін 20-дан астам орталықтар мен кеңестер жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында олар 500-ге жуық іс-шара өткізіп, оған 22 мыңнан астам адам қатысқан.

Биылдан бастап елдегі 14 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған «Этносаяси сауаттылық» атты жаңа пән енгізілді. Бұл журналистердің медиа кеңістікте этностық тақырыптарға жауапкершілікпен қарауға, тұрақты мәдениетті қалыптастыруға септеседі.

Этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі белсенді рөл атқарып жатыр. Бүгінде 1700-ден астам осындай ұйым жұмыс істейді. Олар адамгершілік құндылықтарды насихаттауға және отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, жарты жыл ішінде 300-ден астам мәселені қарастырып, 200-ден астам ұсыныс жасаған Ақсақалдар кеңесі де тиімді жұмыс жасап жатыр.

«Жомарт жан» орталықтарында 340-тан астам меценат, волонтер мен қоғам қайраткері бірігіп, қайырымдылық бағыт бойынша жұмыс жасап келеді. Олар жыл басынан бері 500-ден астам іс-шара ұйымдастырып, жалпы сомасы 304 миллион теңгеден астам көмек көрсеткен.

Азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға экологиялық акцияларға қатысушылар да айтарлықтай үлес қосып жүр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 300 мыңнан астам этномәдени бірлестік өкілдері, жастар мен волонтерлер қатысқан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Кеше