Әлем • 30 Шілде, 2025

Brexit қателік болды ма?

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлыбритания тұрғындары елдің Еуроодаққа қайта қосылуын қолдап отыр. Жалпы кез келген мемлекет экономикалық, әлеуметтік-саяси қатынастар бойынша туындайтын мәселелердің, міндеттердің шешімін табуда бірлесіп, халық­арaлық күш жұмылдыруға ұмтылады. Мұның артықшылығын британдықтар мойындаған сыңайлы. Өйткені бес жыл бұрын қабылданған Brexit уәделері әлі де орындалмай келеді.

Brexit қателік болды ма?

Экономика құлдырады

Жыл басында жүргізілген YouGov сауалнамасына сәйкес, британдықтардың 62 пайызы Brexit-ті сәтсіз қадам деп санап, Еуроодаққа қайта мүше болуды қолдайтынын айтқан.

Еске салсақ, Ұлыбритания 5 жыл бұрын Еуроодақтан ресми түрде шықты. 2016 жылдың маусымында өткен референдумда халықтың 51,9 пайызы Brexit-ті қолдап дауыс берді. Еуроскептиктер ЕО-ға мүше болу елге тым қымбатқа түсетінін халықтың есіне жиі салып отырды, сондай-ақ мигранттардан мезі болған тұрғындар елдің көші-қон саясатына риза болмай, одақ елдерінен шығуға қарсылық білдірмеді. Соның ішінде Британия (Лондонды қоспағанда) және Уэльс Brexit үшін дауыс берді, ал Шотландия мен Солтүстік Ирландияның тұрғындары қарсы болды. Олар бұл шешім экономика мен өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі деп есептеді. Осылайша, Brexit Ұлыбританияны екіге бөлді.

Бұл бастаманы көтерген «Ұлыбрита­ния­­ны реформалау» оңшыл популистік партиясының негізін қалаушы және жетекшісі Найджел Фарадж болды. Оны бұрынғы премьер-министр Борис Джон­сон мен Әділет министрі Майкл Гоув жақтады. Жалпы, Brexit-ті сол кез­дегі басқарушы Консервативтік партиясы да қолдады, алайда оның жетекшісі, сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон, сондай-ақ британ үкіметінің басқа екі бұрынғы көшбасшысы – лейбористер Тони Блэр мен Гордон Браун Еуроодақты жақтады.

Cambridge Econometrics зерттеуі­не сүйенсек, ЕО-дан шыққалы Ұлыбри­та­ния экономикасы 2023 жылға қарай 6 пайызға құлдыраған. 2021 жылдан 2023 жылға дейін ел тауарларының ЕО-ға экспорты 27 пайызға қысқарып, импорт 32 пайызға төмендеген. Одаққа жіберілетін британдық өнімдердің ассортименті де 1 645 тауар түріне қысқарған. 2020 жылы Ұлыбританияның ІЖӨ-сі 10,3 пайызға төмендеген. Brexit Ұлыбританияға 140 млрд фунт стерлингке шығын кел­тір­ген. Орташа өмір сүретін британдық шамамен 2000 фунт жоғалтқан.

Сарапшылар 2035 жылға қарай шы­ғын 311 млрд фунт стерлингке немесе экономиканың 10 пайызына жетуі мүм­кін дейді. Сол уақытқа дейін елде 3 млн жұмыс орны да азаяды, ал инвес­тиция 32 пайызға, импорт 16 пайызға азаймақ.

Британдық өнеркәсіптік кәсіпорын­дар­дың Еуропада өнімдерін сатуы қиындай түскендіктен, Brexit нақты сек­тор­ға қатты әсер етті. Егер 2015–2019 жылдары ел өнеркәсібі 4,3 пайызға өссе, 2020–2023 жылдары 1,8 пайызға қысқар­ған. «Мәселен, 2022 жылы британ­дық автокөлік өнеркәсібі бар болғаны 775 014 көлік құрастырған, бұл 1956 жылдан бергі ең төменгі жылдық көрсеткіш», деп жазды The Guardian. Өндіріс көле­мі 2021 жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға, 2019 жылмен салыстырғанда 41 пайызға төмендеген. Дегенмен ауыл шаруашылығы өндірушілері аздап болса да пайда көрген. Ауыл шаруашылығы 2019 жылдан 2,2 пайызға өскен.

Британдықтардың Brexit-ке дауыс беруінің бір себебі олар үшінші елдерден бақылаусыз ағылған миграттардан қорықты. Brexit миграцияны ретке кел­тіруге уәде берді. Бірақ ЕО-дан шығу бұл жағдайды айтарлықтай өзгерте қоймады. 2020 жылдан бастап, керісінше, Азия және Африка елдерінен жұмыс визасын алушылардың саны күрт өсті: 2019 жылдан 2023 жылға дейін сәйкесінше 2,8 және 9,8 есе еселенді. Африка елдері арасында 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында ең көп жұмыс визаларын Ни­герия (21 473), Зимбабве (15 610) және­ Гана (8 027) азаматтары алды. Азия ел­дері арасында Үндістан (69 028), Пәкіс­тан (29 610) және Филиппин (18 410) көш бастап тұр. Ал Brexit-ке дейін ЕО аза­маттары Ұлыбританияда еркін тұрып, жұмыс істей алатын, енді оларға да жұмыс визасын алу мін­деттелді. 2024 жылы Францияның 4 192, Германияның 3 131 және Италияның 2 449 азаматына жұмыс істеуге рұқсат берілді.

2023 жылдың қаңтарында жариялан­ған Centre for European Reform және UK in a Changing Europe бірлескен зерттеуіне сәйкес, ЕО еңбек мигранттарының айтарлықтай қысқаруынан көлік, қойма, сауда, қонақүйлер мен қоғамдық тамақ­тану секторлары қатты зардап шекті, 330 мың жұмыс күшінің тапшылығына әкелді.

 

Ұлыбритания ЕО-ға қайта орала ма?

NatCen Social Research әлеуметтану­шысы Джон Кертис ВВС-ге ЕО құрамына қайта енуге Ұлыбритания да, Еуроодақ та дайын емес деген пікірін білдірді.

«Қазір Brexit нәтижелеріне қана­ғаттанбау негізінен иммиг­рацияның қарқынды өсуімен, эко­номиканың баяулауымен, мемле­кеттік қызмет көрсету сапасының төмендеуімен және денсаулық сақ­таудағы дағдарыспен байла­ныс­ты болып отыр. Билік жағ­дай­ды түзету үшін шаралар қабыл­дап жатыр. Егер олар нә­ти­жеге қол жеткізсе, Brexit елде­гі дағда­рыстардың бір себебі ретін­де ұмытылады», деп жазады Ұлыбритания зерттеушілері UK in a Changing Europe баяндамасында.

Тағы бір мәселе – ЕО Ұлыбри­та­ния­ның одаққа қайта қосылуын қолдай ма?

«Бұл екіталай. Экономикалық жа­ғы­нан британдықтар ғана өзгерісті қалайды. Ал ЕО қазір­гі жағдайға өте риза. Менің ойымша, Еуропа одағы Ұлы­бри­танияның одаққа оралуы тура­лы келіссөздерді бастамас бұрын, саясаткерлер мен Ұлы­британиядағы қоғамдық пікірде еуропалық мәселе бойынша тұ­рақты консенсус болғанша күтеді», дейді UK in a Changing Europe сарапшысы Ананд Менон.

Негізі Еуропа билігі кезін­де одақтан шыққан Ұлы­брита­нияның соңынан басқа елдер де еріп, шыға бастайды деп қауіптенді. Бірақ бұл пессимистік болжамдар орындалмады. Есесіне тоғыз ел – Албания, Босния және Герцеговина, Грузия, Молдова, Солтүстік Македония, Сербия, Украина және Черногория ЕО мүшелігіне енуге келіссөздер жүргізіп жатыр.

Ал Дональд Трамп АҚШ-ты ЮНЕСКО құ­­рамынан шығару туралы ше­шім қа­былдады. Себебі ұйым амери­калық мүдделерге сай келмейтін бастамаларды қол­дап отыр.

«Президент Д.Трамп АҚШ-ты ЮНЕСКО-дан шығару туралы шешім қабылдады. Ұйым ақылға қонымды саясат­қа толығымен қайшы келетін про­грессивті, алауыздық тудыратын мәдени және әлеуметтік бастамаларды қол­дады», деді Ақүй баспасөз хат­шысының орынбасары Анна Келли «New York Post» газетіне берген сұхбатында.

Елімізді айтар болсақ, өткен жылы 6 халықаралық ұйымға төрағалық ет­тік. Тәуелсіз ел болғалы БҰҰ, ШЫҰ, ДСҰ, ҰҚШҰ секілді ұйымдардың құра­мына ендік. Жалпы, Ұлы­британияның мы­салында көріп отырғанымыздай, халық­ара­лық ұйым­дарға мүше болудың артық­­шылығы басым.