Театр • 30 Шілде, 2025

Тәуелділікке тұтылған тағдырлар

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік акаде­миялық орыс драма театрында Шығыс Қазақстан облыс­тық «Ассамблея жастары» театрының «Құтқар мені» атты спектаклі қойылды.

Тәуелділікке тұтылған тағдырлар

2023 жылы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының жастар қанаты белсенділерінің бастамасымен құрылған жас театр Шығыс Қазақстанда ғана емес, еліміздің бірқатар өңірінде айрықша шығармашылық бас­тамасымен танылып келеді.

«Qutqar meni» қойы­лы­мы – жастар арасында кең таралған нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) секілді күйіп тұр­ған мәселелерді арқау еткен әлеуметтік-драмалық туынды. Труппаның басым бөлігі өрімдей жастар болғанымен, көтерген мәселесінің жүгі ауыр. Жас күнінде аяғын шалыс басып, нашақорға айналып, маңдайын тау мен тасқа соғып өкінген кейіпкерлер көрермендер көзіне еріксіз жас толтырды. Сондықтан да болар, қайта-қайта ұзақ қол шапалақтап, қошемет көр­сеткені – жас труппаның шебер еңбегінің бағасы дер едік.

– Жастарды нашақор­лық­тан сақтап, тәрбиелік мәні зор дүние болсын деп осы спектакльді дүниеге әкел­дік. Актерлік құрам – жас­өспірімдер мен жастардан жасақталған. Әлеуметтік ортада не болып жатқанын көпшілік біле бермейді. Сол шындықты көрерменге ­театр арқылы жеткізгіміз келді,– дейді «Ассамблея жас­тары» театрының көркемдік жетекшісі Үкілай Тұрарбек.

Театр ұжымы өнегелі қойылым арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге ­назар аудартып, жастардың жауап­кершілік сезімін қалып­тас­тыруды, әлеуметтік ортада мо­ральдық-этикалық нормаларды насихаттауды мұрат тұтқан. Расында, есірт­кінің кесірінен талай жастың өмірі өксіп, құрдымға кетіп жүргені жалған емес. Кейбірі өмірін ерте аяқтаса, кейбірі өмірлік күнтізбесін айқындай алмай күйзеліске түседі.

Айта кетейік, театр ұжымы алдағы уақытта да елеулі қойы­лымдарымен көпшілік алдына шығуды жоспарлап отыр.