Экономика • Кеше

Ақтөбеде жаңа көлік-логистика хабы ашылады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтуге арналған жаңа көлік-логистика хабы құрылады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде жаңа көлік-логистика хабы ашылады

Оның айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының Түркияның жетекші логистикалық компанияларының бірінің басшылығымен өткізген кездесуінің қорытындысы негізінде қолға алынуда.

– Мемлекет басшысы логистика саласындағы түркиялық компания өкілін қабылдап, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Осыған орай, Ақтөбе өңірінде жаңа көлік-логистика хабын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба еліміздің батысындағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтіп, өңірлік және халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға сеп болады, – деді Нұрлан Жақыпов.

Аталған жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, көлік дәліздерін әртараптандыруға, сондай-ақ Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы жүк ағындарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында теміржол және автокөлік инфрақұрылымын дамыту, заманауи қойма кешендерін салу және кедендік рәсімдерді жеңілдету көзделіп отыр.

«Самұрық-Қазына» қоры бұл бастаманы Түркиямен бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.