Еңбек • Бүгін, 10:18

Жұмыссыздық азайып, еңбек нарығы кеңейіп келеді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысына сәйкес елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,6% мөлшерінде сақталып отыр. Бұл – еңбек нарығындағы тұрақтылықтың көрсеткіші. Жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 9,2 миллионға жетсе, оның ішінде жалдамалы жұмыскерлер 7,1 миллионды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2,1 миллион адамды құрап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

Жұмыссыздық азайып, еңбек нарығы кеңейіп келеді

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығында үш негізгі үрдіс байқалады.

Біріншісі – цифрландыру мен автоматтандыру үдерісінің жеделдеуі. Қазіргі заман мамандықтарының басым бөлігі цифрлық сауаттылықты талап етеді.

Екіншіден, платформалық жұмыспен қамту мен электронды сауданың ауқымы кеңейіп келеді. Көптеген азаматтар онлайн-платформалар арқылы қызмет көрсетіп, фриланспен айналысуда немесе интернет-дүкендер арқылы табыс тауып жатыр.

Үшіншіден, еліміздегі демографиялық өсімнің нәтижесінде еңбек нарығына келіп жатқан жастар саны жыл сайын артып келеді. Сарапшылардың болжауынша, 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін жетуі мүмкін.

Бұл ретте цифрлық дағдыларды меңгерту, кәсіби қайта даярлау бағдарламалары мен жастарды еңбекке бейімдеу алдыңғы қатардағы міндет ретінде белгіленген. 

Бұдан бөлек Үкімет еліміздің оңтүстік өңірлерінен солтүстік өңірлерге еңбек көші-қонынына ынталандыруды мақсат етіп отыр. Бұл бастама аясында қоныс аударушыларға әлеуметтік қолдаудың кеңейтілген топтамасы ұсынылып, жаңа ортаға бейімделуіне барынша жағдай жасалады.

Сонымен қатар, жастардың білім алып, еңбекке араласуын жеңілдету үшін білім беру жүйесін жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінетін болады. Бұл жерде басты мақсат – жоғары оқу орындары мен колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, нақты дағдыларды меңгерген маман болып шығуы. Яғни, жастар диплом үшін емес, нақты кәсіби бағдар мен еңбекке тез араласу үшін оқуы тиіс деген ұстаным басым.

Еңбек нарығындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету де – басты назарда. Осы мақсатта электрондық еңбек шарттарын және штаттық кестелерді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралар көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтып, еңбек қатынастарын цифрлық бақылауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар үшін де, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін де тиімді болмақ.