Университет • Бүгін, 09:50

Абай университеті 3500 ден астам студентке жатақханадан орын береді

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жаңа оқу жылына дайындық аясында білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында «Ахуалдық орталық» жұмысы 7 шілдеден басталған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Абай университеті 3500 ден астам студентке жатақханадан орын береді

Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 28 мекенжайында Қабылдау комиссиясы жанынан ашылған орталықта студенттерді жатақханаға орналастыру кезеңінде туындайтын мәселелерді жедел шешу қарастырылған. Орталықта жатақханаға орналастыру үдерісін ашық, әділ және жүйелі түрде ұйымдастыру, студенттер мен олардың ата-аналарына кеңес беру, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, әлеуметтік осал топтағы студенттерге басымдық беру, даулы жағдайларды реттеу және кері байланыс орнатуға басымдық берілген.

2025–2026 оқу жылында университет бакалавриат бағдарламасы бойынша оқитын 3545 білім алушыны жатақханамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр: университетке қарасты 5 жатақханада – 1071 орын, ақылы жалдамалы жатақханаларда – 2474 орын.

Орталық қазіргі уақытта өз қызметін бірнеше бағытта іске асырып жатыр. Онлайн өтінімдер қабылдау жүйелері арқылы (Google Form, арнайы порталдар); Қабылдау комиссиясы мен факультет деканаттарымен тығыз байланыс арқылы үйлестіру; Тікелей байланыс арналары арқылы студенттермен кері байланыс орнату (WhatsApp, Instagram, Telegram-боттар).

Ал 1 тамыздан бастап қызметкерлер студенттердің өтініштерін онлайн және офлайн форматта қабылдап, жедел қарастыратын болады.

Орталық жатақханаға әділ және тиімді орналастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды құрылым.

Оқу жылы қарсаңында білім алушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – университет ұжымының басты мақсаттарының бірі. Осы ретте «Ахуалдық орталықтың» жұмысы  5 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.

Алматы