
Фото: видеодан скрин/ҚМА
Ата-ана баласының денсаулық жағдайы түсірілген бейнероликті Instagram және Facebook арқылы жарнамалаған. Олар Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 млн теңге тұратын ота жасатамыз деген желеумен 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған.
Алайда баланың еміне тек 6,4 млн теңге жұмсалған. Қалған қаражатқа ерлі-зайыпты Астанадан 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігін құмар ойындарына салған.
Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар жиналған қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген.
«Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 млн теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы «ұшып бара жатқан» көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған», делінген Қаржы мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Күдіктілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білгенде қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Тергеу барысында бұл мәміленің жалған екені дәлелденген.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынған. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.