Құрылыс • Бүгін, 08:55

Маңғыстауда қос жаңа зауыт салынады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өндірістік нысандардың көптеп салынуы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартып, жұмыссыздық мәселесін де шешеді. Жуырда Маңғыстау облысы әкімдігінің баспаөз қызметі өңірде қос өндіріс ошағы – сұйытылған табиғи газ және метанол өндіретін зауыттар салынатынын хабарлады.

Маңғыстауда қос жаңа зауыт салынады

Сурет: stat.gov.kz

Мәміле Маңғыстау облы­сының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «Condor Energies» компаниялар тобының басқарушы директоры, «Qazaq LNG» ЖШС бас директоры Норман Шторм кездесуінде нақтыланды. Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылаған басқосуда тараптар екі маңызды жобаның жүзеге асырылу барысы туралы сөйлесті. Компания қолға алатын жобаның бірі – Қарақия ауданы Құрық порты маңында жылына 145 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт. Жалпы аумағы 16 гектарды құрайтын бұл жоба аясындағы зауыт құрылысы кезеңінде 300 адам жұмыспен қамтылып, 2027 жылы пайдалануға берілген соң, 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Осылайша, «Condor Energies» компаниялар тобы Орталық Азиядағы алғашқы сұйытылған табиғи газ зауытын елімізде іске қосу жоспарын жүзеге асыруға ынталы.

Сонымен бірге химия өнер­кәсібі, энергетика және көлік саласында кеңінен қолданылатын маңызды шикізат – метанол өндіретін зауыт салу жайы келісілді. Зауыт құрылысы кезеңінде 350 адам жұмыспен қамтылса, іске қосылған соң, 200 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл жоба да 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

«Біз әрдайым өзара тиім­ді ынтымақтастықты дамыту­ға дайынбыз. Заңнамада көзделген барлық қажетті шараны қарастыра отырып, мемлекеттік құрылымдармен бірлесе тиісті қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар сіздерді және серіктестеріңізді өңір экономикасының басқа да салаларында, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Біз бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз», деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

 

Маңғыстау облысы