Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қарауылдағы қарбалас

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Берік Уәли «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніндегі жұмыс барысын тексеріп, Қарауылтөбе айналасында атқарылып жатқан шаруаның жай-күйімен танысты.

Қарауылдағы қарбалас

Облыс әкімі мерейтойға арналған штаб мамандарының есебін тыңдаумен қатар, аудан тұрғындарымен де тілдесті. Аймақ басшысы халыққа ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен дамуы жөнінде мәлім етті. Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов 2024–2025 жылғы экономикалық даму көрсеткішті таныстырды. Кейінгі уақытта едәуір өсім бар. Өнім көлемі 4,3%-ға артып, 3,2 трлн теңге болған. Өсім негізі өнер­кәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, құ­ры­лыс және көлік саласына тиесілі. Ин­вес­тиция көлемі 575,4 млрд теңгеге жет­кен, оның 75,8%-ы – жеке инвестиция.

Аймақ басшысы атап өткендей, облыстағы 408 шақырым жылу желісінің 242 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Оның 25%-ы Абай ауданында ор­на­ласқан. Қарауыл ауылына 1,3 шақы­­рым жылу желілерін салуға құжат әзір­леніп, Ұлттық экономика министр­лі­гіне бюджеттік өтінім жолданды. Қуанар­лық жаңалық, биыл Абай ауданы бойын­ша «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар», «Семей – Қарауыл», «Қарауыл – Архат» бағыттарындағы жол­дың бірнеше бөлігі жөнделеді. Бұған қоса Тоқтамыс, Қарауыл ауылдарындағы көшелерге асфальт төселеді. Архат, Кеңгірбай би, Құндызды ауылдарында су құбырын қайта жаңғыртуға да қаржы бөлінді.

Жиында аудан тұрғындары орта­лыққа қазандық салу, Семей сынақ полигоны аумағындағы халық­қа жеңілдік жасау, полигон жерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға беру, жедел жәрдем қызметін ауданға қайтару, жедел жәрдем көлігін алуға, Жидебай музей-қорығының материалдық-техникалық базасын жаңарту, жылыжай салу сияқты бірқатар ұсынысын айтты.

Абай ауданына үшінші рет жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы ұсыныстардың барлығы құптарлық екенін, бәрі де кезең-кезеңімен жасалатынын, маңызды мәселелер үнемі назарда болатынын, ауданды дамыту той кезіндегі науқаншылдық емес, алда да жалғаса беретінін жеткізді.

абай

Бұған дейін Абай ауданына бара қалсақ, интернеттің әлсіздігі біраз сарсаңға салатыны бар еді. Облыс әкімінің осы сапарында ол да оң шешім тапты. Абай мерейтойы қарсаңында Жидебай музей-қорығында Beeline ұялы байланыс операторының интернет желісі іске қосылды. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асқан.

– Ақпан айында ауданға жұмыс сапарымен келгенімде жергілікті әкімдік осы мәселені айтқан еді. Қол­дап, облыстық бюджеттен қаржы бөлдік. Бұл тек Жидебайды емес, айнала­сындағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етеді. 1 тамызда Бөрілі елді мекеніне антенна-діңгекті құрылғыны орнату жұмысы аяқталады. Осылайша, Абай тойында Абай ауданы, облыстағы 100% интернетпен қамтылған алғашқы аудан, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар Абай ауданының орталығында оңалту орталығы ашылды. Семей полигонының зардабынан әлі айыға алмай жатқан азаматтарға Абай тойында жасалған бұл да бір игілікті іс болды.

Оңалту орталығының ауданы 310 шаршы метр, 13 кабинет 165 адамға қызмет көрсете алады. Үш бөлімшеде 31 қызметкер жұмыс істейді. Жартылай стационар 30 адамға, үйде қызмет көрсету бөлімшесі 125 адамға, отбасын қолдау орталығы 10 адамға арналған. Келушілерге физиотерапия, емдік дене жаттығулары, массаж, психологиялық қолдау, тіпті мүге­д­ектігі бар жандарға кешен­ді оңал­ту қызметі ұсынылады. Орта­лықтың ел игілігіне қызмет етуіне аудан тұрғыны Сейфолла Рахымбаев зор үлес қосыпты. Ол өзінің екі қабатты ғимаратын мемлекетке тегін беріп, әлеуметтік жобаның іске асуына ықпал еткен. Аймақ басшысы орталыққа 16 орынды инватакси көлігінің кілтін табыс етті.

– Семей ядролық сынақ поли­гонының зардабы осы өлкеге, ұлылар мекені – Абай ауданына өлшеусіз кесірін тигізгені рас. 1949 жылдан 1989 жылға дейін жүргізілген 450-ге жуық ядролық жарылыстың салдары мыңдаған адамның денсаулығына, ұрпақ тағдырына, жер мен табиғатқа орны толмас зиян келтірді. Сол зар­дап­тың салқыны бүгінге дейін сезіліп отыр. Радиациялық әсерден денсау­лығы әлсіреген жандарға қолдау көрсету – біздің азаматтық әрі адам­дық борышымыз, – деді облыс әкімі.

«Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Абайдың 180 жылдығына орай «Жидебай ұлттық ауылы» құрылып жатыр. Кешен Абай ауданындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында бой көтереді. Ғимараттың іргетасын қалау басталып та кетті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, меценат Бектас Медғатов қатысты.

Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен салынатын кешен 60 гектар аумақты қамтиды, кешеннің жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Жоба мақсаты – өңірдегі туризмді дамыту, рухани-мәдени мұраны дәріптеу, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыру.

Кешен жобасында жыл бойы жұ­мыс істейтін киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы мен қоғамдық тамақ­тану орындары бар. Сонымен қатар ипподром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған аймақтар, электромобильдерді қуаттау стансалары мен қымыз құю желісі бар заманауи орындар болады. Жоба іске қосылса, 50 адамға тұрақты жұ­мыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғын­­дарды жұмыспен қамтуға, өңір­дің ту­ристік әлеуетін арттыруға оң әсер етеді.

Облыс басшысы жобаның Абай ауданының туризм саласын дамытып қана қоймай, экономикасына да жаңа серпін беретінін мәлім етті. Әкімнің айтуынша, меценат Бектас Шыңғысұлы Қарауыл ауылында аумағы 1 200 шаршы метрден асатын қонақүй құрылысын бас­тайды. Қонақүй кешенінде заманауи мейрамхана, кофехана, жазғы терраса, балалар ойын аумағы, бильярд залы болмақ. Бұған әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Қарауылтөбе етегінде 400 орындық көрермен сиятын дала сахнасы, ат жарысына арналған шеңбер, киізүйлер қалашығы, 2 500 шаршы метрлік жәр­меңке алаңы, сонымен қатар жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық-тұрмыстық нысандар лайықталып салынған екен. Қосымша жол төселіпті.

Абайдың 180 жылдық мерейтойын өткізуге арналған штабтың атқарушы хатшысы Жанжігіт Омар­хан, Абай тойының бас режиссері Жұлдызбек Жұманбай мәдени іс-шаралардың барысын пысықтады. Абай саябағында «Жеті қазына» респуб­­ликалық фестивалінің ұйым­дас­тырылуы талқыланды. Қазір бұл ар­хи­тектуралық ескерткішті де қал­пына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Абай тойы мереке ғана емес, береке бастауы екені ауданға бағыттал­ған игілікті істерден-ақ байқалады. Қарауылдағы қызу қар­балас тойға дайын­дықтың жоға­ры дең­гейде жүргі­зіліп жатқанын білдіреді.

 

Абай облысы