Дін • Бүгін, 09:15

Заңдағы тыйым сенім бостандығын шектемейді

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің дін саласындағы ұстанымдары мен саясатында өзіндік бағдар қалыптасып келе жатыр. Олай болатыны, елдің ішіндегі конфессиялық ерекшеліктер, қазіргі заманғы кіріп жатқан түрлі көзқарастар, қоғамның өзінің талаптары сияқты көптеген себепке байланысты осы бағыттағы заңнамалар мен талаптарды жетілдіру қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар әлемде үлкен мәселе тудырып отырған радикалды діни ұйымдар мен олардың қаупі де кейбір мәселелерді дер кезінде шешуді қажет етеді.

Заңдағы тыйым сенім бостандығын шектемейді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осы орайда еліміздегі діни ахуал тұрақты санал­ға­­нымен, түрлі ағымдар мен топ­тардың іс-әрекеті тоқтады деп айтуға болмайды. Діни сенім бостан­дығын желеу етіп өздерінің радикалды ұстанымдарын «діндарлық» санайтын топ өкілдерінің де қарасы байқалып отырады. Бұл діни сенім бостандығы ретінде ғана емес, дәстүрлі көзқарастармен қайшылық ретінде, сая­си ұстанымдарға наразылық ретінде де оқтын-оқтын көрініс тауып, діннің атынан жасалатын талас-тартыстар да қазіргі әлеуметтік өмірімізде жиі байқалатынын жасыруға болмайды.

Әсіресе діни киімге байланысты мектеп формасы мәселесі әрбір оқу жылы басталар уақытта әлеумет арасында дау болып жатады. Тек діни киім үлгісі емес, бет әлпетін тұмшалап, қара жамылып, онысын діндарлықпен, имандылықпен, ер азаматтың әйелін діни үкімдер шеңберіндегі қызғануымен байланыс­тыратын көзқарастар да белең алып келеді. Түрлі араб елдерінде білім алған, олардың салт-санасын, тұрмыс-салтын діннің шынайы көрінісі санайтын топтар бұл үрдісті елімізде де кеңінен дәріптеп, көпшіліктің үрейін тудыра бастады.

Мемлекет басшысы да бұл мәселеге назар аудара отырып, биылғы Ұлттық құрылтай отырысында «Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық» деген пікір айтқан еді. Енді міне, көп уақыт өтпей елімізде бет-жүзді тұмшалайтын киімдерге заңдық тұрғыдан тыйым салынып отыр.

Осы тұрғыда қоғамда түрлі пікірлер айтылып, сұрақтар қойылып жатыр. Көрші елдердің де тәжірибелеріне сүйене отырып қабылданған шешімнің орынды екенін айтушылардың қарасы көп болғанымен, «діни киімге» тыйым салу сенім бостандығына селкеу түсірмей ме дейтіндер де табылып жатыр. Мұны тіптен әсірелеп, мемлекеттік саяси ұстанымының діндарлыққа қайшы екенін айтатындар да табылады.

Жалпы, Исламдағы «әурет» түсінігі тұрғысынан қарай отырып ниқаб, паранжа, чадра сияқты киім түрлерін киюді міндет көретіндер қаншалықты мұны діндарлықтың көрсеткіші сана­ғанымен, бұл діннің негізгі талаптарына жатпайды. Орамал туралы үнемі айтылатын Құранның «Нұр» сүресінің 31-аятында да бет-жүзді жабу туралы нақты міндет айтылмайды. Елімізде ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ханафи мәзһабында да әйел адамдардың әурет жерлері ретінде бет-жүзі, екі қолы, екі аяғынан басқа жерлері ретінде қаралады. Аяттағы «өздігінен ашық тұратын жерлерінен басқасын» дегенде бет-әлпеті мен қолдарын меңзейді. Әз. Айшадан жеткен бір хадисте: «Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсма пайғамбардың қасына келді. Пайғамбар сол кезде оған қарамай: «Әй, Әсма! Әйелдер балиғат жасқа толған соң мына жерлерінен басқа жерлері көрінбеуі керек» деп бет-әлпеті мен қолдарын көрсетті» делінген (Әбу Дәуіт, Либас 31). Тіпті әйелдер намаз оқыған кезде де бет-жүзінің ашық болуына рұқсат еткен көзқарас басым.

Сонымен қатар әйел адамның бет-жүзін тұмшалауы халқымыздың дәстүрінде де орын алмаған. Тіршілік қамында бет-әлпетті тұмшалау әйелге қиындық тудырады. Айналасына қарау, тыныс алу, тамақтану сияқты мәселелер тұрғысынан да бетті бүр­кеу ыңғайсыздыққа тап қылады. Сондай-ақ куәгерлік жасау үшін, неке қиылған кезде де әйелдің кім екенін білу қажеттілігі бар. Әрі Ханафи мәзһабын ұстанушылардың басым бөлігі қалалық жерлерде тұрғандықтан, мәзһаб ғалымдары мұндай талаптарды қарастырмағанын байқаймыз. Көбіне бұл салт Шафиғи, Ханбали мәзһабын ұстанатын өңірлерде таралған.

Әрбiр ұлт пeн хaлықтың жүрiп өткeн жолы мeн ұзын-cонaр тaрихы болaтыны секілді қазақ халқының да дiнмeн, имaнмeн, ceнiммeн, дала өркениетімен бiтe-қaйнacып жaтқaн өз тaрихы бaр. Біздің бабаларымыздың исламмен танысуы сонау VІІІ ғасырдағы Атлах шайқасына тіреледі (751 ж.) деген көзқарасқа қарасақ, бұл кем дегенде ХІІІ ғасырға жуық исламмен бірге келе жатқанымызды білдіреді. Бәзбіреулер айтып жүргеніндей, ислам бізге тәуелсіздіктен кейін келген жоқ.

Оның үстіне қазіргідей жаһанда дауасы жоқ экстремизм, терроризм деген дерттің ушығып тұрған заманында бұл індеттен аз ғана шығынмен қалай құтылуға болады деген сауал сау қоғамның санасында болуы – заңды құбылыс. Ал осы орайда біздің жүріп өткен тарихымыз бен рухани жолымызда ешбір келеңсіздіктің болмағандығын ескерсек, қазір де осы құндылықты жаң­ғыртудың зияны болмасы хақ.

Сондықтан қазақтың діни-рухани бірегейлігі өзекті тақырыпқа айналды. Қазіргі қоғамдағы көптеген мәселені шешуде өткенге көз салу, құндылықтық бағдардан адаспау маңызды. Себебі қо­ғамдық даму, өндіріс, экономика қарыш­тап алға жылжығанымен, адам­гершілік қағидалар, ар-ождан нормалары ешбір заманда өзгермек емес. Сондықтан да ру­хани құндылықтардың ескірмейтіні белгілі. Ал өз кезегінде өткеннің өсиеті қазіргіге бағдар болары сөзсіз.

Қазірде талай заманнан халық ішінде дәстүрге айналған құндылық­тарымызды мансұқтауға талпынатын топтар бар. Олардың пікірінше ша­риғатта көрсетілмеген дүниенің бар­лығын ұстану – адасушылық. Алай­­да біздің дәстүріміз бен рухани құн­дылықтарымыз діннің ешбір талабына қайшы келмейді. Тіпті діндегі рухани құндылықтарды қарапайым түрде тамаша үйлестіре білген деуге болады. Мәселен, келіннің сәлем салуы, өлген адамға қонақасын беруі, тұсау кесуі, т.б. көптеген салт-дәстүріміз исламдағы туысқандар арасындағы сыйластықтың берік қазығына айналған.

Ислам келгеннен кейін араб қо­ғамындағы барлық салт-дәстүрді жойы­п жіберген жоқ. Сол замандағы киім, дастарқан салтын әлі деп ұста­нып келе жатыр. Біздің елдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты арабтың киіну формасын ұстанамыз деу ақымақтық болады және араб қоғамындағы ас мәзірін әкеліп, қазақ қоғамына енгізу де солай. Сондықтан ата-бабаларымыз ұлттық ерекшеліктерімізге байланысты ислам дінінің құндылықтарымен қабысқан салт-санамызды жалғастырып келді. Сол себептен ұлттық бояу, ұлттық құндылық, салт-дәстүр – біз үшін баға жетпес қазынамыз.

Қорыта айтсақ, елдікті сақтау – бас­ты міндет. Қазіргі заңда қабылданып отырған бет-ауызды тұмшалауға тыйы­м салу ешқандай да адамдардың сенім бостандығын шектемейді. Дін мен дәстүр – тәрбие жолы, рухани азығымыз. Рухани құндылықтар негізі рухани санада қалыптасады, ол тарихта сақталып, сабақтасып отырады. Ата-бабамыздан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дін мен дәстүр сабақтастығын қадірлеп, құрметпен қарау – біздің міндетіміз әрі азаматтық борышымыз. Қазақ халқының дін ғұламаларының шығармаларындағы діни бірегейлік ғасырлар бойы халықты діни-сенімдік алауыздықтан сақтап келгеніне дау жоқ. Олай болса, болашақта да халқымыз үшін, дін үшін, ең басты құндылық – діни бірегейлік, бабалар ұстанған діни жолды жаңғырту және өскелең ұрпақ арасында молынан дәріптеуде екенін әрбір руханият саласының өкілдері білгені игі.

 

Кеңшілік ТИЫШХАН,

дінтанушы