Аймақтар • Бүгін, 09:40

Жамбылдағы мұраны Жапонияда зерттейді

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жапон ғалымдары Жамбыл жеріне ат басын бұрып, археоло­гиялық қазбаға кірісті. Еліміздің белгілі академик­терімен бірлесе жұмыс істеуге бекінген олар Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағын зерттеуге ниеттеніп отыр екен. Біздің заманымызға дейінгі 16 мың жыл бұрынғы тарихты аршуға бел буған ғалымдар зерделеу жұмысын тұрақтың топырақ қабатын зерттеуден бастамақ.

Жамбылдағы мұраны Жапонияда зерттейді

Ресми дерекке жү­гінсек, тарихы мыңжыл­дық­тармен астасып жатқан Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағын екі елдің ғалымдары 8 жыл бұрын тапқан көрінеді. Сол кезде тарихи орыннан ошақ пен тас құралдар табылған деседі. Жапониядағы Нара институтының ғалымдары қолға түскен жәдігерлерге зерттеу жұмысын жүргізе келе, 16 мың жыл бұрын қоныстанған адамдар пайдаланғанын дәлелдепті. Олардың айтуынша, алғашқы адамдар қазақ даласында өмір сүру дағдысын қалыптастырып, жапон жеріне де ат басын бұрған. Енді олардың жасын анықтау – баст­ы мақсат.

Он жылға таяу уақыт бұрын басталған зерттеу жұмысы пан­демияға байланысты уақытша тоқтап қалған екен. Енді қайтадан жанданып жатыр. Ал ғалымдар Талас пен Жамбыл ауданының шекарасындағы тұрақтың 10 шаршы метр аумағын зерделеу­ге кіріскен. Экспедицияның бас­ты мақсаты – төменгі және орта палеолит дәуіріне жататын мә­дени қабаттарды зерделеп, сол дәуірдегі адамдардың тіршілік ортасы мен еңбек құралдарын ғылыми тұрғыда сараптау, тарихи деректерді анықтау.

«Қазақтың сайын даласындағы тас дәуірін жапон жеріндегі тас дәуірінің бастауы деуге негіз бар. Сіздердің елде ғұмыр кешкен алғашқы қауым адамдары корей түбегі арқылы жапон жеріне жеткен деп пайымдаймыз. Олар біздің елдегі аралдарға қоныстанған. Осыған қарап-ақ жапондардың түп-тамыры Еуразия құрлығымен сабақтасып жатқанын бағамдауға болады. Оны тарихи ескерткіштердің ұқсастығынан да аңғарамыз. Біздің елде тарихы 40 мың жылмен тамырлас палеолит дәуірінің тұрақтары анықталды. Зерделей түссек, әлі талай тың деректер табылуға тиіс», дейді Нара ұлттық ғылыми зерттеу институтының профессоры Садакатсу Кунитаке.

Ғалымның айтуынша, Жапо­нияның Нарасы Қазақ­станның Таразы секілді тарихы тереңде жатқан қала екен. Сол себепті Жамбыл жеріндегі тарихи жәді­герлер оның бойындағы қызы­ғушылықты арттыра түскен. Мұндағы археологиялық қазба жұ­мы­сының ол үшін мәні зор. Жам­был жеріне сол себепті аяқ басыпты.

«Технология дамыған уақытта тарихи ескерткіштер мың­жылдықтардың шежіресінен сыр шертіп тұрғаны таңдай қақ­тырады. Топырақ астында жат­қан жәдігерлердің айтары мол. Қаратау жотасында жүр­гізіліп жатқан қазба жұмысы кезінде қолға түскен тас қарулар сол дәуір­дегі адамдардың тұрмыс-салтын ғана емес, елдің эконо­микасы мен кәсібінен, инфра­құры­лы­мынан да хабар беріп тұр. Арши берсең, терең тарих тұң­ғиы­ғына тарта түседі», дейді ғалым.

Зерттеу жұмысына тыңғы­лықты кіріскен экспедиция құрамында PhD Ейки Суга, Васэ­да университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы секілді өз ісінің мамандары бар. Ал экспедиция жетекшісі Жәкен Таймағанбетовтің зерттеу жұ­мыстарымен айналысқанына жарты ғасырға жуықтапты. Ол бастаған топ 2017 жылы Бүй­рекбастау-Бұлақ тұрағына келіп, археологиялық қазба жұмысын бастаған.

«Бірінші рет бұл маңға табанымыз тигенде көне тарихты аршуға деген қызығушылық басым болғанымен, ұзақ уақыт зерттеу жұмысын жүргізе алмадық. Арада жыл өткен соң, 12 шаршы метрге жуық жерді қазып, бірнеше тас құрал таптық. Мұндағы топырақтың қалдығы мен табылған ошақтың күлін алып, зертханаға жолдадық. Жәдігерлер Жапонияның Нара институтында зерделеніп, 16 мың жыл бұрын жасалғаны анықталды.

Тағы бір жолымыз түскенде 20 шаршы метрдей жерді қаздық. Сол кезде көне тарихтан сыр шертетін біраз затты қолға түсірдік. Өкінішке қарай, кейін пандемия салдарынан жапон ғалымдары біздің елге келе алмады. Сол себепті қазба жұмыстары бірнеше жыл бойы тоқтап қалды.

Өткен жылы Токио универ­ситетінде дәріс оқыдым. Нара университетінің басшылығына бірге жұмыс істегені үшін алғыс айтуға мүмкіндік туды. Бұл істі орта жолда қалдырмай, бірлесе жалғастыру керегін тілге тиек еттім. Сол кездесуде бүгінгі зерт­теуге қатысып жатқан студенттер де болды», дейді тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағанбетов.

Ғалымның айтуынша, 6 шаршы метр қазба жұмысы түйін­делген кезде 2 метр 10 сантиметр тереңдіктен тағы да ошақ пен тас құралдары табылыпты. Ол сол ошақтың маңайында адамдар тас өңдеген деген болжам жасап отыр. Сондай-ақ профессор мұнда зертхана болғанына бек сенімді. Тұрақтағы қазба жұмысын тереңдетуге мұндағы бұлақтан шыққан су кедергі келтіріп жатыр екен.

«Қазған жер түнімен тұрады. Ала таңнан мұндағы суды шелектеп тасып шығарамыз. Бәлкім су тартыла бастаған кезді күту керек шығар. Мүмкін қолға алған жұмысты күз мезгілінде жалғастыру керек болар. Өйткені мұндағы қазба жұмысын тоқ­татуға болмайды.

Жамбыл өңірінің тарихи ескерткіштерге өте бай екені бізді қызықтырып отыр. Мұнда тас дәуірінен бастап, орта ғасырға дейінгі тарихтан сыр шертетін жәдігерлер жиі кездеседі. Тіпті тастар жер бетінде жатыр. Бұл маңай шөл болғандықтан, бос топырақты жел ұшырады. Мәсе­лен, Қызылтау деген тұрақтың 1 шаршы метрінен 700–800 тас құралдары кездеседі. Бәрі де жердің бетінде жатады.

Бүйрекбастаудағы тіршілік біз әзірге тапқан жәдігерлер көрсеткендей, 16 мың жылмен шектелмеуі мүмкін. Тарих тіпті әрмен қарай созыла түсуі ықтимал. Оны толыққанды анық­тайтын жәдігерлер әлі күнге дейін топырақтың астында көмулі жатқан шығар. Кім білсін...», дейді Ж. Таймағанбетов.

Ғалымдар алдағы уақытта топырақтың қабаты мен ошақ күліне радиокөміртекті талдау жұмысын жүргізуге бекініп отыр. Бұл істі жапондық ғалымдар қолға алмақ. Сол арқылы тас дәуі­ріндегі тұрақтың нақты жасын анықтау мүмкіндігі тумақ. Ал мамандар бұл жұмыстың қорытындысы қараша айында шығады деп отыр.

 

Жамбыл облысы