
Іздестіру жұмыстарына шамамен 400 адам, 70-тен астам жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, эхолоттар, суасты барлау құралдары және кинологиялық есептоптар жұмылдырылған.
Операция орнына басшылық жасауды Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ғадылшұлы Ізбасов жүзеге асыруда. Ол барлық қатысушы бөлімшелер мен қызметтердің жұмысын үйлестіріп отыр.
Жұмылдырылған күштер мен құралдар:
Қорғаныс министрлігі: 193 әскери қызметші, 4 ұшқышсыз ұшу аппараты, 25 бірлік техника, 8 жүзу құралы. Қосымша әуеден барлау ұйымдастырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі: 87 адам, 22 техника, 10 жүзу құралы, 7 ұшқышсыз ұшу аппараты, 2 эхолот, құтқарушы сүңгуірлер және 2 кинологиялық есептоп.
Ішкі істер министрлігі: 102 қызметкер, 30 техника. Жергілікті атқарушы орган (әкімдік): 2 автокөлік, 3 жүзу құралы.
Су қоймасының акваториясы мен жағалау аймағы, соның ішінде қиын жететін және терең учаскелер кешенді түрде зерттелуде. Іздестіру-құтқару жұмыстары күндіз-түні тоқтаусыз жүргізілуде.
Жоғалғандардың туыстарымен тұрақты және нысаналы жұмыс ұйымдастырылған. Олар іздестіру барысы туралы уақтылы хабардар етіліп отыр.
Айта кетейік, Сорбұлақ – ТМД аумағындағы ең ірі және әлемдегі ең ірі техногенді су қоймаларының бірі. Ол Алматы облысының солтүстік-батысындағы табиғи тұйық ойыста орналасқан.
Су қоймасының ерекшеліктері:суасты бедерінің күрделілігі және түбінің лайлануы; тереңдіктің 22 метрге дейін жетуі; су алмасудың баяулығы; судың көрінбеуі, түбінде лай мен балдырлардың мол болуы.
- Аталған табиғи және техногендік жағдайлар іздестіру жұмыстары мен сүңгуірлердің қызметін едәуір қиындатады. Бұл жоғары дәлдікті, үйлесімді әрекетті және заманауи техникалық жабдықтарды қажет етеді. Іздестіру-құтқару операциясы нақты нәтиже алынғанға дейін жалғасады. Оның барысы мен қорытындылары туралы қосымша хабарланады, - делінген ақпаратта.