Қоғам • Кеше

Перизат Қайрат ісінде жан-жақты зерттелген барлық дәлелдемелер жарияланды

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі және жан-жақты зерттелген барлық дәлелдемелер жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Перизат Қайрат ісінде жан-жақты зерттелген барлық дәлелдемелер жарияланды

Фото: stan.kz

Перизат Қайрат ісіне әділ үкім шығарылды

Бүгін Перизат Қайратқа қатысты сот процесі аяқталды. Сот Перизат Қайратты 10 жыл бас бостандығынан айырды. Оның анасы – Гайни Алашбаеваға жасы үлкен болғанын ескере отырып, 7 жыл жаза тағайындалды.
Сотталғандар сондай-ақ 10 жылға дейін қайырымдылыққа қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Ұрланған қаржыға сатып алынған мүлік тәркіленді: «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке үй, «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, автотұрақ орындары, «Mercedes-Benz S450» (2024 ж.), «Lexus LX 600» (2024 ж.), «Mercedes-Benz EQE 500 4matic» (2023 ж.), «Haval H6 GT» (2024 ж.) көліктері, «Rebel Flowers» ЖШС-нің 100% жарғылық капиталы, 97 млн теңгеден астам және 22 мың АҚШ доллары. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваның алаяқтық, алдын ала сөз байласу арқылы, топпен және аса ірі көлемде жасалған қылмыс, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру әрекеттері жиналған дәлелдермен толықтай дәлелденді: жәбірленушілер мен олардың өкілдерінің, куәлардың жауаптары, банктік үзінді көшірмелер, заттай дәлелдемелер.
Жасалған қылмыстар ерекше цинизммен ерекшеленіп, қазақстандық қоғамның негіздерін шайқалтты. Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Күшейтетін фактор ретінде – қылмыстар төтенше жағдай режимі кезінде жасалғаны танылды.

Оларды не үшін соттады?

Сотта 2021 жылы Перизат Қайрат жалған құрылтай құжаттарын жасау арқылы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркегені анықталды. Аталған атау заңды түрде әрекет ететін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына ұқсас етіп таңдалған. Ол анасымен бірге халықты қайырымдылық мақсатында, су тасқынынан және Палестинадағы жағдайдан зардап шеккендерге көмектесу сылтауымен ақша аударуға шақырып отырған. 2021 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың қазаны аралығында олар оңалту орталығын салу, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастыру деген желеумен 126,7 млн теңге жинап, ұрлаған. 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Палестина халқына көмек көрсету желеуімен 559,1 млн теңге иемденген. 2024 жылдың 1 сәуірі мен қарашасы аралығында елде төтенше жағдай режимі күшінде болған кезде, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету деген желеумен 2,8 млрд теңге ұрлаған.
Жалпы ұрланған қаражат сомасы – 3,5 млрд теңге. Ақшалар Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваның жеке шоттарына аударылған.
Олар бұл қаражатты гүл бизнесін ашуға және жалған мәмілелер жасау арқылы заңдастырған. Сондай-ақ бұл ақшаны қымбат жылжымайтын мүлік, көлік, әшекей, киім, жиһаз, саяхат пен түрлі қызметтерге жұмсаған.

Перизат Қайратқа қоғамның назары кездейсоқ аударылған жоқ

Оған себепкер болған тікелей өзі. Ол ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желіде қымбат көліктер, элиталық жылжымайтын мүлік, брендтік аксессуарлар мен саяхаттарды көрсетіп, сән-салтанат өмір салтын жарнамалап жүрді.
Кәсіпкер рөлін сомдау үшін әлеуметтік желіде шетелге ет өнімдерін экспорттайтын отбасылық бизнесі бар екенін, беделді шетелдік университеттерде білім алғанын айтып, жалған ақпарат таратқан.
Сонымен бірге ол өте агрессивті түрде халықтан қаражат жинау науқанын жүргізген. Әлеуметтік бастамалар мен гуманитарлық күн тәртібін бүркеніп, өз пайдасына ақша жинаудың арнасын жасаған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы келтірген қосымша деректер Перизат Қайраттың бейнесін толықтырды: оның жоғары білімі жоқ, тек аяқталмаған арнаулы орта білімі бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, колледжден ұялы телефон ұрлағаны үшін шығарылған.
Сотта оның жалған диплом жасау үшін құрбысына жүгінгені белгілі болды. Соған қарамастан, 2024 жылғы шілдеде Перизат Қайрат өзінің әлеуметтік желісінде Кембридж университетіне түскені туралы мәлімдеген.

Сот пен құқық қорғау органдары неге істі соза берді?

Перизат Қайрат ісінің неге ұзаққа созылғаны әлі де түсініксіз. Айыптаулар қарапайым әрі түсінікті: күрделі алаяқтық схемалар немесе заң тұрғысынан даулы жайттар болған жоқ. Мұндай істер құқық қорғау органдарының тәжірибесінде жиі кездеседі. Қарапайым механизм: танымал «Біз біргеміз» ұранын жамылып, соған ұқсас атаумен ұйым тіркеу, өзіне және жақындарына есепшот ашу, содан соң қайырымдылық деген желеумен ақша жинап, оның бір бөлігін көрнекі көмек көрсетуге жұмсап, қалғанын қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажетіне пайдалану. Күрделі жоспар болған жоқ. Бәрі тікелей жүзеге асты: әдемі ұран,  ақша жинау, оны қолма-қолалу, жеке тұтыну. Халықтың, соның ішінде бизнес өкілдерінің сенімі істің ұзақ уақыт бойы күмән туғызбай өтуіне мүмкіндік берді.

Сот процесі неге ішінара жабық өтті?

Перизат Қайраттың соты ішінара жабық түрде өтті. Бастапқыда ол істі толық жабық форматта қарастыруды сұраған. Сот бұл өтінішті қарап, тек құпия мәліметтер қаралатын кезеңдерде БАҚ өкілдерін шектеуге шешім қабылдады.
Бұл – заңда көзделген, жеке мәліметтерді қорғау үшін қолданылатын стандартты шара. Шектеулер тек кейбір эпизодтарға қатысты болды. Айыптау қорытындысы, негізгі дәлелдерді зерттеу мен қорытынды сөздер БАҚ пен қоғам үшін ашық түрде өтті. Іс қолданыстағы заңнамаға сай қаралып, жариялылық принципі мен жеке мәліметтерді қорғау ескерілді.

 

Мұндайға аяушылық танытуға болмайды

Перизат Қайрат соғыс пен гуманитарлық апаттардан зардап шеккендерге, соның ішінде Газадағы тұрғындарға көмек көрсетемін деген сылтаумен адамдардың қайғысы арқылы пайда тапты. Мұндай суыққанды алдау – қоғамдық сенім мен өзара көмектесу идеясын жояды.
Ол сот барысында өзін құрбан ретінде көрсетуге тырысты. Айыптауларға жауап берудің орнына, моральдық шаршау, адвокатпен байланыс болмауы, тергеу изоляторындағы қиындықтар туралы айтты. Бірақ тексерістер, соның ішінде бейнебақылау жазбалары, оған қатысты күш қолданылғанын растамады. Бұл – эмоция арқылы жанашырлық тудырып, жауапкершіліктен жалтарудың классикалық әрекеті. Алайда Перизат Қайрат кінәсін мойындаудан бас тартып отыр. Кейбіреулер оның анасы Гайни Алашбаеваға жанашырлық танытады. Бірақ оның телефонынан табылған жазбалар бұл жанашырлықты жоққа шығарады: 37 млн – көлікке, 10 млн – Түркияда емделуге, 3 млн – БАД алуға, 10 млн – серуендеуге, 1 млн – қытай астрологиясын оқуға, тағы да серуендеуге, 3 млн – шоппинг, 3 млн – алтын алуға, 3 млн – фэншуй, 5 млн – тіс емдеуге жоспарланған. Бұл ақшалардың бәрі халықтан ұрланған. Бұл қылмыстық іс – азаматтардың сенімін асыра пайдаланудың айқын мысалы және қайырымдылықты заңсыз әрекеттерді бүркемелеу үшін қолданатындарға қатаң ескерту болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Аймақтар • Бүгін, 10:40

Әлібидің жарқын жеңісі

Жекпе-жек • Бүгін, 09:40

Құтқарушылардың қоныстойы

Құтқарушы • Бүгін, 09:20

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қоқыс импорттайтын мемлекет

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

Төрт жылда бір келетін мүмкіндік

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Бирма жазуының сыры

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Жұмбақ Ницше

Мың бір мысал • Бүгін, 08:25

Заманауи киіз үй

Өнер • Бүгін, 08:05

Экобуккроссинг сөресі іске қосылды

«Таза Қазақстан» • Кеше