
фото: ашық дереккөз
М. Есімбаев пен Жанғабаевқа – 7 жыл, Қазмұханбетовке 3 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы кесіліп, жаза мерзімінен өтегеннен кейін де мемлекеттік қызметке орналасуға тыйым салынды.
Қылмыстық іс материалдарында жазылғандай, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазмұханбетов қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне 48 орынға арналған жекеменшік балабақшаның сыйымдылығын 75 орынға көбейтуге өтініш білдіреді. Алайда балабақшаның аумағы санитарлық ережелердің талабына сай болмауы себебінен рұқсат етілмейді. Осы кезде іске қаланың бас санитар дәрігері Есімбаев араласып, мекеменің бас маманы Жанғабаевқа қорытындыны өзгертуге тапсырма береді. Жалған құжатқа Есімбаев қол қойып, үшінші тараптың көмегімен 300 мың теңге алады. Сот қорытындысында көрсетілгендей, бас санитар қолына түскен параның 90 мың теңгесін Жанғабаеқа береді. Ақша қаражатының қолдан қолға өтуі бейнетүсірілімдермен дәлелденді.
Сотта Қазмұханбетов өзінің кінәсін толық мойындаса, Есімбаев ішінара ғана келісті, ал Жанғабаев өзінің осы іске қатысы жоқтығын мәлімдеді. Соған қарамастан балабақшаның аумағына қатысты жалған құжат жасаған Бас санитар мен оның сыбайластарының қылмысы куәлердің көрсетуімен, заттай айғақтармен дәлелденді. Кәмелет жасына жетпеген балаларының болғаны үшін және кінәларын ішінара мойындаған айыпталушылар – Есімбаев пен Қазмұханбетовке сот жазаны жеңілдету жағын ескерді.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Ақтөбе облысы