
Аталған жарысқа «Auyl sport – 2024» республикалық турнирінің жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының ұлдар командасы қатысқан. Қарапайым жаттығу залынан басталған спорттық жол, Қырғызстан төріндегі халықаралық додада жеңіспен аяқталды.
Ұлдар арасындағы финалда Үшқоңыр командасы Қырғызстанның Чу облысы Мраморное ауылының ұжымын 2:0 есебімен ұтып, чемпион атанған. Қыздар арасындағы тартысты ойында Бескөл ауылының волейболшы қыздары қола жүлдеге қол жеткізді.
Бескөл командасының жаттықтырушысы Анастасия Эйникис жарысқа қатысуға мүмкіндік берген Halyk қайырымдылық қорына алғысын білдірді.
«Бұл жарысқа біз «Auyl sport» жобасында чемпион болған құраммен қатыстық. Halyk қорының қолдауы арқасында халықаралық деңгейдегі сайысқа алғаш рет қатысып, қола жүлдегер атандық. Қырғызстанда алғаш рет болып отырмыз. Қордың бұл жобасы болашақта да жалғасын тауып, жақсы нәтижелер әкелетініне сенеміз», деді ол.
Команда ойыншысы Таисия Высоцкая да жарыстың маңызды тәжірибе болғанын айтып өтті.
«Халықаралық турнирге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қарсыластарымыз мықты болды, дегенмен біз жақсы ойнап нәтиже көрсеттік. Үшінші орын жеңіп алдық. Halyk қорына алғысымыз шексіз, осы сапардың арқасында шекара асып, ел намысын қорғадық», дейді волейболшы.
Halyk қайырымдылық қорының Атқарушы директоры, «Auyl sport» жобасының жетекшісі Ғалымбек Жақсылықұлы балаларға қолдау көрсету қордың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Қор балаларға әрдайым қолдау білдіруге ниетті. Әсіресе ауылда өскен талантты балалардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасауға қашанда дайынбыз. Осындай жобалар арқылы олардың болашағына бағыт беріп, сенім сыйлай аламыз. Бұл қолдау бұдан әрі де жалғасады», деді Ғалымбек Жақсылықұлы.
«AUYL SPORT» – Тимур Құлыбаев басқаратын Halyk қайырымдылық қорының 2024 жылдан бастап іске қосқан ауқымды әлеуметтік жобасы. Бағдарлама ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға, талантты балаларды қолдап, оларды кәсіби спортқа баулуға бағытталған. Қазірдің өзінде бұл жоба аясында еліміздің әр өңірінен 10 мыңнан астам бала түрлі спорт түрімен тұрақты түрде айналысып келеді.
Жобаның тиімділігін дәлелдейтін тағы бір мысал – Сербияда өткен GYMNASIADE халықаралық жарысында ауылдан шыққан 12 спортшының 6 медаль жеңіп алуы. Енді осы тәжірибе Kazakhstan Open аясында жалғасып, ауыл спортшылары халықаралық деңгейге сенімді қадам басып отыр.
Айта кетейік, Halyk қайырымдылық қоры – еліміздегі ең ірі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан ұйымдардың бірі. Қор бүгінге дейін жалпы 120-дан астам әлеуметтік жобаны іске асырып, 85 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған. Оның ішінде тек ауыл спортын қолдауға 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.