Қоғам • Кеше

Отбасын қолдау орталықтары үш есе артты

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі осы жылдың бірінші жарты­жылдық кезеңінің қорытындысын шығарып, оның ішінде гендерлік саясат пен отбасын қолдау саласындағы негізгі бастамаларды да ұсынды. Қорытындыда мемлекетіміз ұлттық құндылықтарды сақтай отырып және халықаралық стандарттарды ескеріп, бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келе жатқаны айтылады.

Отбасын қолдау орталықтары үш есе артты

Фото: azattyq-ruhy.kz

Биылғы ақпан айында елімізге «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша өңірлік директоры Белен Санс Люке жұмыс сапарымен келген-ді. Сапар аясында Бейжің декларация­сы мен іс-қимыл платформасының 30 жыл­дығы аясында және Тұрақты дамудың 5-мақсаты – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шеңберінде Орталық Азияның болашағына арналған жоғары деңгейдегі өңірлік кездесуі өткен.

Сонымен қатар елімізде Респуб­ликалық репродуктивті денсаулық апталығы ұйымдас­тырылды. Осы уақыт аралығында 20 мыңнан аса іс-шара өтіп, оған 500 мыңға жуық адам қатысты.

Ал өткен жылы Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мәселелері бойын­ша заң күшіне еніп, бұл шара отбасылық сая­сатты дамыту бағытын­дағы маңызды қадам болды. Аталған заң аясында Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралып, олар бірыңғай үлгі бойынша жұмыс істей бастады. Нәтижесінде, орталықтар саны 33-тен 124-ке дейін үш есе артты. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 100 мыңнан аса адам жүгінген, ал 5 мыңнан аса отбасына жан-жақты қолдау көрсетілген.

Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ОҚО-лардың жұмыс үдерістерін цифрландыру енгізілді. Ал жақын арада «Ата-аналар академиясы» – Ata-ana.kz онлайн платформасы іске қосылмақ.

Сонымен қатар отбасындағы әке мен ананың рөлін арттыру жұмыстары да жалғасып келеді. Аналар күніне орай еліміздің бар­лық өңірінде отбасын нығайтуға және әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындауға бағытталған мың­нан аса іс-шара өтті. Әкелер күні қарсаңында Астанада «Әке. Отбасы. Қоғам» атты X республикалық әкелер форумы өтті. Оған белсенді ата-аналар, сарап­шылар және қоғам өкілдері қатысты.

Қазақстан қоғамдық даму инсти­тутының жанындағы отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі зерттеу орталығы өз жұмысын жалғас­тырып келеді. Атап айтсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Ұлттық есеп дайындау, Қазақстан қоғамындағы гендерлік сте­реотиптерді зерттеу, сондай-ақ Ақ­парат және қоғамдық даму ко­­митетінің сайтында «Гендерлік мұқтаждық пен қажеттіліктер картасы» арнайы бөлімін әзірлеу секілді жұмыстар жүргізіліп отыр.

Бұл қадамдар еліміздің әрбір азаматы тең құқық пен мүмкіндіктерге ие болатын әділетті әрі қауіпсіз қоғам құруға деген ұмтылысын айқын аңғартады.