
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Сондықтан халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға жол ашатын жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқаты жағынан дағдарысқа түскен, шұғыл жағдайдағы санаттарға (D, E деңгейі) жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейді. Нәтижесінде, 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылады деген болжам бар. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленбек. Бұл да халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігіне сын болатыны сөзсіз. Өңір жетекшілерінің жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты жұмыспен қамтуда бұрынғыдан да белсендірек, бұрынғыдан да мүдделірек болуына тура келеді.
Қандай да бір себептермен жарна төлеу тоқтап қалған жағдайда сақтандыру мәртебесін қалай сақтауға болады десек, МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алуға арналған жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады, бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын. Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Бірақ кейін берешекті өтеу қажет болады.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударды. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК тізіміне өтеді де, МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға ол тегін болады. Сондай-ақ 8 әлеуметтік мәні бар кеселге (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық, мінез-құлық кінәраттары, сирек аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) шалдыққан жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болды. Бұрын мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге душар болғанда ғана жасалатын.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, оған қоса динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық пен стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесінде бауыр аурулары, қан мен қан түзуші ағза кеселдері, жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары, инфекциялық емес энтерит пен колит, артропатиялар, дорсопатиялар, қалқанша безі аурулары, қуық асты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, әйелдердің жыныс жолдарының қабынусыз аурулары, кеуде-өкпе дисплазиясы, туабітті жүрек кінәраттары, дамуында кемістік бар дерттер бар.
Жарна есептеу шегінің өзгеруіне келсек, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу кезінде қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылғалы отыр. Себебі, халыққа медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды шартының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ бекітілді. Бұл – бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсіп кетуіне жол бермейді. Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, елдің денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ де теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деген болжам бар. Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер мен басқа да 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.
Қазір МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде, яғни 2025 жылы – 2%. Салыстырмалы түрде, өзге елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған еді, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілді. Дегенмен «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылып жатыр. Мысалы, 2027 жылы – 2,2%, 2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру қарастырылған. Осы орайда жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.
МӘМС туралы заңға енгізілген негізгі жаңалықтар мен өзгерістердің артықшылықтарын қарастыратын болсақ, 2026 жылдан бастап МӘМС-пен бірге Гарантталған мемлекеттік медициналық көмектер пакетінің бірігуі – қайталанатын, бір-біріне жағаласып отырған қызметтерді жояды, әрі науқастарға көрсетілетін медициналық көмектер нақтылана түседі. Әлеуметтік әділдікке біртабан болса да жақындатып, ең бастысы мұқтаж жандар жергілікті бюджет есебінен қамтылып, медициналық қызметке тең дәрежеде қол жеткізе алады.
Түрлі кеселдердің алдын алу дұрысталып, медициналық қызметтің көпшілігін үздіксіз қолжетімді ету үшін жүйе тұрақты тепе-теңдікке келтіріледі, бұл МӘМС-тің қаржыланатын ауқымын күшейтеді. Цифрландыру мүмкіндігі жоғарылап, ол төлемдерді онлайн жүргізу мен өтініштердің мониторингін жақсартуға септігін тигізеді.
Бірақ енгізіліп жатқан өзгерістердің қарама-қайшылықтары мен сыни тұрғыда қарайтын тұстары да бар. Егер МӘМС пен Гарантталған мемлекеттік медициналық көмектер пакеттері біріктірілсе, әрбір азамат міндетті түрде жарна төлеуі керек болады, әйтпесе бірқатар көмектен айырылуы мүмкін. Бұл әсіресе жарна төлеуге қабілеті жоқтар мен бейресми жұмыс істейтіндерге қиын.
Мемлекет жүйені қаржылық тұрақтандыруды көздеп отырғандықтан, 2026 жылдан бастап жарнаның мөлшері ұлғаяды. Жаңа талаптар жеке кәсіпкерлер мен фрилансерлерге үлкен жүктеме. Қанша ақша тапса да, көлеңкелі бизнесте жұмыс істейтіндер ебін тауып, ресми тіркелмей жүре беруі ғажап емес. Сол сияқты шағын және орта бизнес те қысым көруі ықтимал, өйткені салықпен қатар, қосымша әлеуметтік жарна көлемі де өседі. Оған қоса кейбір облыстық, аудандық бюджеттердің мардымсыз екендігін жоққа шығаруға болмас. Егер жергілікті билік жұмыссыздар мен мұқтаждар үшін жарна төлесе, басқа ішкі салаларға, инфрақұрылымға ықпалы тимей қоймайды.
Сонымен қатар әкімдіктердің МӘМС төлеу шешімін қалай қабылдайтыны және ол тізімге кім нақты енетіні әлі толық айқын емес. Мәселен, түрлі кеселдердің алдын алып, ауруларды асқындырмай анықтаудың тиімділігі шын мәнінде арта ма? Профилактика жақсара түседі деген ресми уәде қаншалықты орындалады? Өйткені қазір емханаларға түсіп отырған салмақ онсыз да жоғары, кадр тапшылығы да бар, мегаполистерде болмаса, медициналық құрал-жабдықтар ескі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, МӘМС мәселесіндегі өзгерістер іс жүзіндегі инфрақұрылымды бұрынғыдан да жақсартып, сапаға қол жеткізбесе, пәрмені қағаз жүзінде қалып, балтыры сыздап, бауыры мазалап жүргендер кеселі асқынып кеткенше бұрынғы ахуалдан аса алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан МӘМС айналасындағы амалдар мен өзгерістер әлі де жалғаса береді.
АЛМАТЫ