Технология • Кеше

Орман күзететін ақылды технология

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ормандарды енді қарапайым қорықшы емес, жасанды интел­лект пен дрондар күзетеді. Елде ормандағы өртті ерте анық­тайтын жаңа ақылды жүйе іске қосылды. Бұл жүйе түтінді алыстан байқап, нақты қай жерде өрт шыққанын ав­то­матты түрде анықтайды және орталыққа бірден хабар бе­реді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған.

Орман күзететін ақылды технология

Елімізде кейінгі жылда­ры ормандардың өрте­ніп кетуі жиілеп, таби­ғи апаттар экожүйеге үлкен залал келтіріп жатыр. Мәселен, 2023 жылы Абай облысында бол­ған алапат өртте 14 орманшы қаза тауып, мыңдаған гектар орман күлге айналды. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұған дейін де Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарында бірнеше рет ірі өрт тіркелген. Мамандар мұндай апаттар­­­дың бас­ты себебі өрттің кеш анық­та­луы мен көзбен бақылауға тә­уел­ді­­лік екенін айтып жүр. Осы мә­се­лені шешуге қазір елімізде орман­дағы өртті жасанды интел­лек­ті­мен бақылайтын ақылды ­жүйе іске қосылып жатыр. Жоба­ны әзірлеуші «Қазақтелеком» ­компаниясы.

Қазірдің өзінде жүйе Семей орманы резерватында орнатылып, жұмыс істей бастаған. 2026 жылдың ортасына дейін ел бо­йынша 270 автоматтандырылған станса іске қо­сылып, 5,6 миллион гектар ор­ман тәулік бойы бақы­ланатын болады.

– Бұрын орманшылар мұна­ра­ға шығып, дүрбімен қарап, түтін байқаса, координатын шамалап есептеп, рациямен хабарлай­тын. Қазір біз 30 метрлік антенна­лар­ға айналаны 360 градус көре алатын камералар орнатамыз. Олар 30 шақырым қашықтықтағы ең кішкентай түтінді де байқап, автоматты түрде жасанды интеллектіге жібереді. Жүйе түтіннің қауіпті, қауіпті емес екенін анықтап, нақты координатаны шығарып, орталыққа сигнал береді. Қажет болса, дрон көтеріледі де, оқи­ға орнынан нақты бейнежазба түсіреді, – дейді «Қазақтелеком» Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Барлық дерек, бейне, теле­метрия, дыбыс сигналдары Алма­тыдағы дата-орталыққа түседі. Ал жүйе күн батареясы, дизель генераторы, антивандалдық қорға­ныспен жабдықталады.

– Бұл инфрақұрылымның ең маңызды бөлігі – суперкомпьютер. Бізде қазір екі суперкомпьютер бар. Біреуі – Астанада, екіншісін Қазақтелеком өз қаржысына салды. Екеуі де жасанды интеллек­тіні үйретуге, деректерді жылдам өңдеуге арналған. Қазірдің өзін­­­де жүйе тек өрт емес, брако­ньер­ді анықтау, сирек өсімдіктер­ді, ауру ағаштарды тану сынды функцияларды да игеріп жатыр. Президент тапсырмасымен іске асып жатқан жобаға қомақты қаражат бөлінді. Сондықтан «NVIDIA»-мен серіктестік аясын­да құрылғылар тікелей АҚШ-тан жеткізілді, – дейді Б.Мусин.

Ормандағы өртпен күресте озық технологияны алғаш қол­дан­ған елдердің бірі – АҚШ. Онда «ForestWatch», «FUEGO», «FireNet» сияқты жүйелер кеңі­нен қолданылады. Мысалы, ­«FUEGO» Калифорния университеті жаса­ған жоба. Ол спутниктер мен жер­де тұрған арнайы камералар ар­­қылы орманнан шыққан түтінді бірнеше минут ішінде анықтай алады. Жүйе жасанды интеллект көмегімен өрттің нақты қай жерде тұтанғанын, оның таралу бағы­тын автоматты түрде есептейді. Бұл Калифорниядағы жиі болатын өрттермен күреске көп көмегін тигізіп отыр.

Канада мен Аустралияда орманды бақылауға көбіне дрондар мен жылу сезгіш құралдар пайдаланылады. Канадада арнайы орман қызметі дрондарды ұшырып, нақ­ты уақытта өрт ошақтарын картада белгілейді. Аустралияда орман ішіне орна­тылған бейнекамералар мен жылу датчиктері арқылы өрт­тің алғашқы белгілері бірден анық­талып, өрт сөндірушілерге дереу хабар беріледі.

Израиль мен Испания сияқты таулы аймақтарда, электр желі­сін тарту қиын жерлерде, күн сәу­­лесінен қуат алатын стансалар ор­натылады. Мысалы, Испанияда қолданылатын «FireDetect» жүйесі күн батареяларымен жұмыс іс­теп, ормандағы жағдайды үздіксіз бақылап отырады. Түтін байқал­са, сол сәтте аймақтық қызметтер­ге белгі береді. Бірақ бұл жүйелер­дің ортақ бір қиындығы бар – олар өте қымбат және инфрақұрылым­ға тәуел­ді. Яғни оларды іске қосу үшін спутник, интернет, электр же­лісі секілді техникалық қызмет көр­сету қажет. Ал еліміздің ормандары көбіне шалғайда орналасқан, кей жерде тіпті жарық жоқ. Сон­дықтан біздегі жаңа жүйе осы қиын­дықтарды ескеріп жасалған. Бағдат Мусиннің айтуынша, ол толықтай автономды жұмыс іс­тейді. Күннен қуат алады, қажет болса дизель генератор қосыла­ды. Сондай-ақ бұл жүйе тек орман өртін анықтау үшін ғана емес, эко­жүйені толық бақылауға бағытталған.

– Ертең бұны жайылымдарды, көлдерді, табиғи парктерді бақылау үшін де қолдануға болады. Қазірдің өзінде кейбір шетелдік ұйымдар суперкомпьютердің қуа­тын қолдануға өтініш беріп отыр. Сонымен қатар келешекте өз жүйе­мізді ТЖМ Стратегиялық жос­парлау және жедел басқару коман­далық орталығына қосу­ды жос­парлап отырмыз, бұл тиімді бас­қару үшін орман ал­қаптарын респуб­ликалық дең­гейде бірыңғай бақылауды қам­тамасыз етеді. Жинақ­талған бей­не мұрағат пен теле­метрия отан­дық AI модельдерді оқыту, бол­жамды тәуекел карталарын жа­сау, патрульдік бағыттарды оңтай­ландыру, орманды қалпына кел­тіру мониторингі үшін негіз бола алады. Деректер университет­тер мен стартаптарға экологиялық ше­шім­дерді дамыту үшін ашық және қолжетімді болады, – дейді Б.Мусин.