
TUMO – Alem.ai ғимаратының 2 және 3 қабаттарында орналасады. Мұнда жылына 5000 оқушыны тегін оқыту жоспарланып отыр.
Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тёнің айтуынша, жақын арада alem.ai сайтында өтінім қабылдау басталады. Ешқандай іріктеу талаптары жоқ. Алдағы 3-5 жылда бұл жобаны еліміздің барлық аймақтарына, соның ішінде шалғай елді мекендерге дейін кеңейтіп, әрбір оқушыға осындай мүмкіндікті қолжетімді ету көзделіп отыр.
«Енді ересектерге арналған бағдарламаларға тоқталайық. Tech Orda бағдарламасы 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде бағдарлама аясында 10 мыңға жуық адам бағдарламалау, Big Data, киберқауіпсіздік және басқа да бағыттар бойынша оқудан өтті. Түлектердің 88%-ы жұмысқа орналасқан. Tech Orda – оқуға 6 ай және одан да ұзақ уақыт қажет ететін 72 жеке IT-мектептің курстарына тегін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект пен бағдарламалауды тереңірек меңгергісі келетіндер үшін TomorrowSchool мектебі құрылды. Бұл – еліміздегі алғашқы peer-to-peer форматындағы ЖИ мектебі. Бұл форматта дәстүрлі мұғалімдер жоқ, студенттер бір-біріне көмектесу арқылы оқиды. Оқу ұзақтығы – екі жыл, осы аралықта студенттер 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, 20-ға жуық бағдарламалау тілін меңгереді.
Біз студенттерге тегін оқу, тәулік бойы жұмыс істейтін кампус, сарапшылардың лекциялары, студенттік клубтар, сондай-ақ өңірлерден келгендерге тегін тұру орнын ұсынамыз», деді Валерия Тё.
Бұл мектепке қалай түсуге болады? Бағдарламалау бойынша алдын ала білім немесе жұмыс тәжірибесі қажет емес. Тек платформадағы логика мен есте сақтау қабілетін тексеретін ойындардан өтіп, кампуста болатын 4 апталық оқытуға қатысу қажет. Осы жобаға қазірдің өзінде 12 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Жаңа кезеңге қабылдау әлі жалғасып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, TomorrowSchool студенттерінің 30%-ын қыздар қауымы құрайды. Сонымен қатар Astana Hub әйелдерге арналған білім жобаларын да қолдап келеді. Мысалы, IT-Áiel бағдарламасы TechnoWomen қауымдастығымен бірлесіп үшінші жыл қатарынан жүзеге асып жатыр. Осы уақыт ішінде 5,5 мың әйел оқудан өтті.
Astana Hub басқарушы директоры жасанды интеллект негіздерін онлайн форматта қайдан оқуға болатынын да айтты.
«Онлайн форматтағы тегін курстарға тоқталсақ, біз үш серіктестік жобаны ұсынамыз. Біріншісі – «ЖИ негіздері: ChatGPT» курсы. Бұл курс Lerna және Skillbox платформаларымен бірлесіп әзірленген. Осы курсқа 220 мыңнан астам адам тіркеліп, 124 мыңнан астамы оқуды сәтті аяқтады. Екіншісі – Udacity платформасымен бірлескен QazCoders бағдарламасы. Бағдарлама 4 курстан тұрады, оның бірі ЖИ-ге арналған. Наурыз айында іске қосылып, 4000 адамды қамтыды. Үшіншісі – «Деректерді талдау және Python негіздері». Бұл енді «Яндекс Практикуммен» серіктестікте жүзеге асқан жоба. Сәуірде іске қосылып, 1500-ден астам қатысушыны тартты», деді Валерия Тё.
Аталған курстарға тегін қатысу үшін Astana Hub мобильді қосымшасын жүктеп, AI Movement бөлімінен өзі қалаған курсты таңдау керек.
«Біздің курстарды аяқтап, ЖИ саласында стартап жасағысы келетіндерге ашылатын мүмкіндіктер есігі көп. Мысалы, хакатонға қатысуға болады. Қыркүйек айында өтетін Decentrathon 4.0 – еліміздегі ең ірі мультилокациялық хакатон. Бұл – төртінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шара, оған әдетте 2500-ден астам адам қатысады, мыңдаған шешім әзірленеді. Жеңімпаз командалар демеушілерден ақшалай сыйлықтар алады. Егер сізде команда да, жоба да болмаса, бірақ белгілі бір салада сарапшы болсаңыз, AI Preneurs бағдарламасына қатыса аласыз. Бұл – жасанды интеллект саласындағы инновациялық стартаптар құруға арналған командаларды қалыптастыруды көздейтін бастама. ЖИ саласындағы адами капиталды дамыту арқылы біз бәсекеге қабілетті экономика мен болашақ қоғамының негізін қалап жатырмыз.
Біздің мақсат – тек оқыту емес, өсуге, шығармашылыққа және нақты өзгерістерге жол ашатын құралдар ұсыну», деді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев ChatGPT-дің көмегіне жүгінген кезде деректерді ұрлатып алмау үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін айтты.
«Мысалы, көбіміз WhatsApp қосымшасын қолданамыз. WhatsApp-та да сұрақ қойып, деректер алмасамыз. ChatGPT де тура сондай, яғни серверлері шетелде орналасқандықтан, деректер басқа жаққа таралуы мүмкін. Дегенмен ChatGPT-де деректердің қауіпсіздігіне арналған арнайы функция бар. Егер «Баптау» бөліміне кіріп қарасаңыз, «Менің деректерімді қолданба» деген батырма бар. Соны бассаңыз деректеріңізді өз модельдерінде қолданбайды», деді Әлібек Сайланбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.