Спорт • Кеше

Еліміздің көк туын 32 рет желбіреткен

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таиландтың Паттайя қаласында өткен әлем чемпионатында Шығыс Қазақстан облысынан барған команда­ның бес бірдей спорт­шысы алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Еліміздің көк туын 32 рет желбіреткен

Қуанышты хабарды ести сала стритлифтингтен әлемнің жеті дүркін, қол күре­сінен әлемнің бес дүркін, кір тасын көтеру спортынан әлем чем­­пионы, кір спорты мен қол кү­­ре­­сінен дүниежүзілік федера­ция­­ны ұзақ жыл басқарған Мұ­қан Ағзамовпен хабарласқан едік.

– Стритлифтинг – жылдам қарқынмен өсіп келе жатқан спорт түрі. Қазір әлемнің жүзге тар­та елі осы спорт түрімен шұ­­ғыл­данады. Бұл жолы 17 мем­­лекеттен 560 саңлақ спортшы жүлделерді сарапқа ­салды. Ептілік, жоғары шебер­лік, спорттың бірнеше түрін топтастырған сайыс еліміз­де де дамып келеді. Бір жыл бұрын Үнді елінің Хайдарабад қаласында өткен әлем чемпионатынан жеті алтын, екі күміс, бір қола медаль алып, командалық есепте үшінші орынға ие болған едік. Бұл жолы небәрі жеті саңлақ барып, бесеуіміз әлем чемпионы болып оралдық. Атап айтар болсам, бауырым Ерік (осымен төртінші рет), немерем Дінмұхамед 14-16 жастағы жас­өспірімдер арасында, мен ардагерлер арасында, Иван Мальков пен Владимир Жайнақов алтыннан алқа тақтық, – деп мәлімдеді Мұқан Сағидоллаұлы.

М.Ағзамов ұзақ жылдан бері Ұлан ауданына қарасты Айыртау ауы­лында тұрады. Техника ғы­лым­­дарының кандидаты, профес­сор, ауыл шаруа­шылығының май­тал­ман маманы, кезінде оннан астам рационализаторлық жаңа­лықтарды өндіріске енгіз­ген, жиыр­мадан астам өнерта­быс­­тық патенті бар. Мұқан Сағи­дол­­­­­ла­ұлының ­шегірткені жою­ға арнал­ған қондырғысын өңір­­дің шаруа қожалықтары кеңі­­нен пайдаланған. Сәрсен Аман­­жолов атындағы Шығыс Қазақ­стан универ­ситетінде жас кадр­­ларға өз тәжі­рибесін үйре­тіп, дә­ріс оқиды. Ұзақ жыл кір спорты мен қол күресінен дүние­­жүзілік федерацияның вице-президенті, президенті бол­ды. Әлем чемпионаттары мен Азия бірін­шіліктерінде кір спор­ты мен қол күресінен он екі рет жүл­­­­­­де­­­гер, жеті рет чемпион атан­ды.

Ағзамовтар – спортшылар әулеті. Өткен жылы Мұқан Сағидоллаұлының бауыры Ерік Ағзамовтың ұлы Жан стритлифтингтен Азия федерациясының президенті, ұлы Жүрсін дүние­жүзілік федерацияның вице-президенті болып сайланды. Екі Олимпиада ойындарына қатысқан, қазақ күресінен түйе балуан Руслан Сейілхановтың есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Русланның ұлы Саят та болашағынан үміт күтетін жас. Ұстаз, профессор, жаңашыл ғалым Мұқан Ағзамовтың берге­нінен берері көп. Еліміздің атақ-даңқын бүкіл әлемге танытып жүрген спортшылар әуле­ті­нің шығар биігі әлі алда.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы