
Дөңгелек үстелде қазіргі драматургияның бағыты, театр мен әдебиеттің үн қатысуы талқыланды. Шараға жиналған қаламгерлер мен драматургтер театр мен әдебиет арасындағы шығармашылық байланысты күшейту, сахнаға бейімделген драмалық шығармаларға жол ашу туралы ойларын ортаға салды.
Жаңа қойылымдар мен классикалық шығармалардың аражігі, қалам иелерінің режиссерлермен байланысқа түсуі, сахнаға шығаруға тұратын елеулі шығармалардың молдығы хақында алуан пікірлер өрбіді. Сонымен бірге бүгінгі жас драматургтердің аздығы, болашақта әдебиет пен театр бірлесіп, қарымды жобаларды қолға алуға тиіс екені тілге тиек етілді.
Сондай-ақ Жастар театры жаңа шығармаларға «Жаңа толқын – жаңа драма» атты ашық байқау жариялап отыр. Байқау шарты бойынша қатысушы үміткерлер шағын пьеса, сахнаға лайық поэтикалық цикл, монодрама, қысқа проза, сахналық новелла ұсына алады. Театрдың көркемдік кеңесінің сүзгісінен іріктеліп шыққан шығармалар сахнаға жол тартады. Ал шығармасы үздік шыққан авторлар (репитициялық үдеріс, сахналық зертхана) шығармашылық шеберханаға қатыса алады.