Қоғам • Кеше

Жарты жыл ішінде 250 мың адам жұмыспен қамтылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік сала бойынша тапсырмаларын орындауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев әлеуметтік саясат саласындағы басты бағыттар жайында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Жарты жыл ішінде  250 мың адам жұмыспен қамтылды

Фото: Ашық дереккөз

Вице-премьердің айтуынша, әлеуметтік саясат – бұл тек мемлекеттік шығындарды арттыру ғана емес, сонымен қатар халықтың денсаулығына, жастардың білім алуына және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

«Мемлекет басшысы Үкімет алдына өмір сапасын жақсарту, халықтың әлжуаз топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру жөнінде тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта кешенді жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауда. Бюджеттің  жартысынан көбі осы салаға жұмсалады», деді Ермек Көшербаев. 

Көшербаев атап өткендей, 2024 жылдың басынан бері 1,2 миллион балалы отбасыға берілетін жәрдемақы 6,5%-ке өскен, бұл мақсатқа 870 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ке көп.

Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға тағайындалған, оларға жалпы сомасы 16,2 млрд теңге төленіп отыр. Көшербаевтың айтуынша, Президент мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерді қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырған.

«Биылғы жылдың басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5%-ке артты. Қазіргі таңда зейнетақының орташа көлемі 180 мың теңгені құрайды. Бұл бағытта 4 триллион теңге көлемінде қаражат бөлініп жатыр», деді ол.

Жалақыға қатысты да жағымды өзгерістер бар. Вице-премьердің айтуынша, елдегі орташа жалақы мөлшері 423 мың теңгеге жеткен. Ең төменгі жалақының өсуі шамамен 600 мың азаматтық қызметкердің табысының артуына себеп болды.

«Жарты жылдың қорытындысы бойынша 250 мың азамат жұмыспен қамтылды. Бұл процестер цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Негізгі мақсат – көмекке шын мұқтаж отбасыларға нақты қолдау көрсету. Бұл – Президент тапсырмасының бір бағыты», деді Ермек Көшербаев.