
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері қоғамда әркез өткір мәселе болып келгені белгілі. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанованың айтуынша, балаларға жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстар биыл өткен жылмен салыстырғанда 21,3 пайызға азайған. Ауыр қылмыстар – 8 пайызға, аса ауыр қылмыстар – 19 пайызға қысқарған. Бұл – жай статистика емес, шынайы қорған тапқан мыңдаған баланың тағдыры.
«Зорлық-зомбылық белгілері байқалған нысандарға алдын ала ескертусіз тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа норма да заң шеңберінде енгізілген еді. Бұл өзгерістің арқасында жыл ішінде 58 жоспардан тыс тексеру өткізіліп, 1 500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді. Тексеру туралы ескертудің болмауы – балалардың жағдайын жасырмай, шын ахуалды көруге жол ашады. Соның нәтижесінде, 24 ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке, 78 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды», дейді Н.Оспанова.
Бұрын еліміздің тек жеті өңірінде жұмыс істеген психологиялық қолдау орталықтары бүгінде барлық аймақта ашылған. Бұл орталықтар зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету мақсатында құрылып, арнайы әдістемелермен, құралдармен жабдықталған. Комитет төрайымының айтуынша, осы жылдың басынан бері бұл орталықтар 50 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсеткен. Баланы қорғау жүйесінде жаңадан енгізілген маңызды тетіктің бірі – өңірлік уәкілдер институты. Олар балалар орналасқан кез келген мекемеге, соның ішінде жабық үлгідегі ұйымдарға да кедергісіз кіре алады.
Көп жағдайда бала өзіне жасалған қысым мен зомбылықты ата-анасына немесе мұғаліміне айтуға қиналады. Осыны ескерген билік «111» байланыс орталығын заңды түрде бекітіп, мектептерге QR-код жүйесін енгізді. Бұл – бала үшін қауіпсіз әрі құпия шағым білдіру арнасы. «Жыл басынан бері 111 байланыс орталығына 88 мыңнан астам өтініш түсті. QR-код арқылы келіп түскен сигналдарға дер кезінде жауап беріліп, көмек көрсетіліп жатыр», дейді комитет басшысы.
Мектеп ішіндегі буллинг – балалар психологиясына кері әсер ететін тағы бір өзекті мәселе. 2022 жылы бұл ұғым заңмен бекітіліп, арнайы бағдарламалар қолға алынды. Соның бірі – отандық «ДосболLiKe» бастамасы. Қазір 50 мектепте сынақтан өткізіліп жатқан бұл жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектеп пен колледжге енгізілмек. Сонымен қатар буллинг үшін жауапкершілік те күшейтілді. Мәселен, 2024 жылы 119 әкімшілік іс қаралса, 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 189-ға жеткен.
«Бұл заң жекелеген әрекеттерден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты. Мектептен бастап, уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын балаға көмек көрсетуге дайын», деп түйіндеді сөзін Н.Оспанова.