Қоғам • Кеше

Димаштың Түркі дүниесіндегі даңқы

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында IV «Мейкин Азия» халықаралық музыка фестивалінің жабылуы дүркіреп өткені туралы хабар тарады. Дүркірегені сол, Қазақстанның халық әртісі, әлем таныған әнші һәм композитор Димаш Құдайбергенге «Қырғыз Республикасының халық әртісі» құрметті атағы берілді.

Димаштың Түркі дүниесіндегі даңқы

Дүниежүзілік деңгей­дегі дүл­дүл 2023 жылы «Қазақстан­­­ның ха­лық әртісі» атанған. Даңқы жер-жаһанға жеткен Димаш атаққа кенде емес қой, сөйтсе де Алатаудың бергі жағында туған ұлдың даңқы арғы бетінде де ресми бекітіліп жатқаны сүйініш, әрине. Бұл бауыр­лас екі ел арасындағы жарас­тық­ты білдіргендей. Қырғыз Респуб­ликасының Президенті Садыр Жапаровтың жарлы­ғы­на сәйкес марапатты Димашқа сол елдің Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов табыстады.

«Мейкин Азия» халықаралық музыка фестивалі 20–22 шілдеде Ыстықкөлде өткен. Оған Азия мен Еуропаның жиырмадан астам елінен өнерпаздар қа­тысса керек. 2013 жылдан бері ұйым­дастырылып жүрген фести­валь­дің тұңғыш бас бәйге­сін Димаш Құдайбергеннің өзі қан­жы­ғасына бөктеріпті. Осы жолы фестивальдің жабылу салтанатында өнер көрсеткен әнші әлгіндей марапаттан соң: «Бұл марапат болашақта екі ел арасында мызғымас бір­лік үшін жасалатын қызмет­ке аванс ретінде берілді деп қабыл­даймын. Қазақ пен қыр­ғыз халқы достығының символы деп білемін. Қазақ халқына көрсетілген құрмет деп түсіне­мін», депті. 

Димаштың әкесі Қанат Айт­баев жеке парақшасына: «Қыр­ғызстанның Шолпан-Ата қа­ласында өткен халық­ара­лық эстрадалық әншілер фести­валінде Қырғызстан прези­денті Садыр Жапаров­тың жар­лығымен Қазақстан­ның халық әртісі Димаш Құдай­бергенге екі ел арасын­дағы достық құрметі­не Қырғыз­станның Халық әртісі атағы берілді», деп жазды.

Даңқты әншіміздің Түркі дү­ниесіндегі абыройы жақсы­лық­қа, бірлікке жолбасшы болғай!