
Жиын барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев мемлекеттік тілді дамыту барысында өңірде жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті. Биыл жыл басында ғана «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалына төраға болып тағайындалған Айдарбек Ақболатов филиалдың осы кезге дейін атқарған жұмысы және алдағы жартыжылдыққа арналған жоспар жайлы баяндады. Ал астанадан келген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі екенін айтып, өңірде және елімізде кездесіп жатқан кейбір қиындықтарға тоқталды.
- Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылғалы бері өткен 40 жылға таяу уақытта бүкілқазақтық сипат алып, ерекше өрлеген кезеңі де, керісінше бар-жоғы белгісіз болып қалған уақыты да болды. Ендігі уақытта тіл мәселесін ұрандатпай, жалаулатпай, нағыз ерікті, ынталы мамандардың көмегімен жұмыс істейтін боламыз. Бүгінде іс басына ЖОО ғалымдары, тіл мамандары көбірек тартылып жатқаны сондықтан. Ең әуелі қазақ тілін оқыту әдістемесін жолға қойып, тілдің мазмұнын байытуға күш саламыз. Соңғы кезде әйгілі Дисней корпорациясы шығарған мультфильмдердің қазақ тіліне аударылуы осының нәтижесі. Сондай-ақ тілімізді заманауи технологиялық үрдіске сай етіп дамыту мәселесі де өзекті болып тұр. Тіл мәселесінде Ақжайық өңірінде де кейбір түйткілді жәйттердің бар екенін білемін. Біздің көзқарасымыз – бұл салада кикілжің тудырмай, алдын-ала заң аясында сауатты жұмыс істеу қажет, - деді Шерубай Құрманбайұлы.
Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері де ортақ мәселеге ой қосып, өз пікірін айтты. Отырыстың соңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы арасында мемлекеттік тілді дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Батыс Қазақстан облысы