
Фото: Үкімет
Көлік министрлігінің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта қазақстандық авиакомпаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артық. Әуежайларда жолаушыларға қызмет көрсету көлемі 14,4 млн адамға дейін артқан. Қазіргі уақытта ішкі авиатасымалдар жалпы жиілігі аптасына 849 рейс болатын 61 бағдар бойынша орындалып жүр.
Кейінгі жылдары Қазақстанда 20 ұшу-қону жолағы, 19 терминал реконструкцияланып, Түркістанда жаңа әуежай салынды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл әуе кемелері паркін 16 бірлікке толықтыру күтіліп отырғанын, оның 6-уы бүгінде сатып алынғанын баяндады. Жалпы, 2030 жылдың соңына дейін флот 221 бірлікке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ 2025 жылы 36 бағдарды ашу және жаңарту жоспарланған. Инвестициялық бағдарламалар шеңберінде авиация саласына барлығы шамамен $2,9 млрд тарту көзделіп отыр. Қаражатты ірі жобаларды жүзеге асыруға, атап айтқанда, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, сондай-ақ Арқалық туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салу, 10 ұшу-қону жолағы мен 10 терминалды реконструкциялау, арнайы техника паркін жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ.
Жиында жүк авиакомпаниясын құру жөніндегі бастаманың іске асырылу барысы қаралды. Жоба әлемдік жүк авиатасымалы нарығының тұрақты өсуіне байланысты қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда ондағы көлем 57,7 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте тасымалдардың шамамен 15%-ы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов әлемдік тәжірибеге сәйкес бастапқы кезеңде үш әуе кемесін жалға алып, кейіннен флотты он бірлікке дейін кеңейту көзделіп отырғанын баяндады. Ұлттық жүк авиатасымалдаушының операторлығымен алғашқы рейсті іске қосу 2026 жылдың басына жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба өзін- өзі ақтауы үшін отынмен қамтамасыз етудің кепілдендірілген көлемі қарастырылып жатыр.
Премьер-министр жүк авиатасымалдаушысын құру бойынша барлық дайындық процесін барынша жеделдетуді тапсырды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хаб ретінде күшейту міндетін қойды. Қазіргі таңда әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде жүк авиатасымалдаушыны құру – негізгі жобалардың бірі. Оны жүзеге асыру транзиттік жүк ағындарын Қазақстанға қарай бұруға мүмкіндік береді және жүк авиатасымалы нарығындағы біздің ұстанымымызды күшейтеді», деді Олжас Бектенов.