Оқиға • Бүгін, 14:12

Енді дәрігерлерге смарт-бейнежетондар беріледі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ауқымды шаралар кешені әзірленіп жатыр. Осыған орай Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен кеңес өтіп, сала мамандарын қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді дәрігерлерге смарт-бейнежетондар беріледі

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Жиынға Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары дәрігерлер мен медбикелерге қатысты 170-тен астам шабуыл фактісі тіркелген. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар нақты шаралар әзірлеуді бастады. Олардың қатарында:

  • Медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылды құқық қорғау органдары өкілдеріне қарсы әрекетпен теңестіру;
  • Ақ халаттыларға смарт-бейнежетондар беру;
  • Емханалар мен ауруханаларда жүйелі күзет жүйесін енгізу;
  • Қабылдау бөлімшелеріне тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыру.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселеге ерекше назар аударып, медицина мамандарына шабуылдарды құқықтық тұрғыда қатаң тоқтату қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын», деді Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, қазіргі таңда ел бойынша 115 медициналық мекеме полицияның тұрақты күзетіне алынған, ал қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Сондай-ақ, шұғыл жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында арнайы патрульдік топтар медициналық мекемелерге жақын жерлерде орналасқан.

Бұған қоса, Үкімет халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыруды да негізгі бағыт ретінде айқындап отыр.